Қызылорда облысында еріктілер штабы құрылды
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының азаматтық қоғамы және жастардың бастамасымен «Волонтер жылы» аясында өңірімізде еріктілердің жұмысын дамытуға бағытталған ұсыныс-пікірлерді жинақтау, ортаға салу мақсатында басқосу өтті.
Жиын барысында облыстық еріктілер штабы жасақталып, құрамы бекітілді. Сондай-ақ, штаб мүшелерінің ұсыныстары тыңдалды. Алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар, мақсат-міндеттерді және жылдық жоспарды айқындап алды. Сонымен қатар, штаб мүшесі болуға ниет білдіргендермен меморандумға отыру ұсыныстары айтылды.
«Аталған штаб ешқандай қаржысыз облыс көлемінде жыл бойы 7 бағыт бойынша еріктілік қызметтерін атқарады. Еріктілерді тіркеу бүгіннен бастап штабта жүргізілетін болады. Барша қоғамды қатарға қосылуға шақырамыз», - дейді ұйымдастырушылар.
Көпшіліктің қолдауымен Қызылорда облысы еріктілер штабының жетекшісі болып Ольга Чебакова сайланды.
Штабқа тіркелген еріктілерді оқыту курстарынан, ерікті болудың жолдары жайлы арнайы сабақтардан өтетін болады.
Облыстық еріктілер штабының бір ерекшелігі мүмкіндігі шектеулі азаматтардан құралған топ жұмыс жасайды. Ал екінші ерекшелік төтенше жағдайлар бойынша да волонтерлер дайындау көзделген. Оқуға ниет білдірген жастардың ағымдағы жылдың қаңтар, ақпан айларында курсқа жазылуына мүмкіндігі бар.
Волонтерлер жылына орай Сыр елінде жан-жақты қолдауға, волонтерлікті дамытуға бағытталған көптеген жұмыстарды штаб ұйымдастыру жоспарлауда.