Қызылордада «Парасаттылық мектебінің» жұмысы жалғасуда
Kyzylorda-news.kz. Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің ұсынысымен құрылған «Парасаттылық мектебінің» жетекшілері бас қосты. Оған аймақтағы орта және жоғары оқу орындарының өкілдері, «Парасаттылық мектептерінің» жетекшілері қатысты.
Кездесу барысында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеттің тәрбие жұмысы және жастар саясаты басқармасының басшысы Жандос Базартай университет жанынан құрылған «Парасаттылық мектебінің» жұмыс барысын баяндап, тәжірбиелерімен бөлісті.
Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің Превенция және парасаттылық басқармасының басшысы Ғ.Әлімқұлованың жаһандану жағдайындағы ақпараттық технология үстемдік құрған қазіргі таңда жастардың бойында парасаттылық секілді ізгі қасиеттерді қалыптастыру басты міндеттердің бірі екенін атап өтті.
Шара соңында «Парасаттылық мектебінің» 2020 жылғы жұмыс жоспарын талқылап, алда қойылған міндеттерге жету үшін пікір алмасты.