Көлікті тіркеу мәселесі: Армения мен Қырғызстанға қайта бару керек пе?
Kyzylorda-news.kz. "Жолда қабылдау" республикалық акциясы аясында Армения мен Қырғызстанның көліктерін тіркеуге қатысты сұрақтар көптеп түсуде. Осы мәселеде шетелдік нөмір таққан көліктерді тіркеу тәртібі қалай жүргізіледі?
Қазақстанға транзиттік нөмірмен келу керек
"Негізі, Қазақстан азаматтарына Армения мен Қырғызстанда тіркелген көлік құралдарын жүргізуге тыйым салынған. Сондықтан көлікті сатып алғанда тіркеуден шығарады. Ал осында келгенде алдымен утилизациялық алымды төлейді. Сосын алғашқы тіркеуге қояды. Алғашқы тіркеудің де төлемі бар", - дейді Павлодар облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Оның айтуынша, Армения мен Қырғызстанның нөмірімен жүрген көліктер тәртіп бойынша тіркелмесе, оларды қайтадан сол жерге апару керек. Сол жақтан тіркеуден шығарып, Қазақстанға транзиттік нөмірмен келуі тиіс. Осыдан кейін утилизациялық алымды төлеп, көлікті рәсімдеуге болады.
"Енді, ол жаққа бармаса, көлікті тіркеуден қалай шығарады? Білуімше, Арменияда уақытша тіркеуге қояды да, 30 күннен кейін автоматты түрде шығарып тастайды. Ал ондай көліктер анда да, мұнда да тіркелмей қалады. Дегенмен, тіркеуден ресми түрде шығару тәртібі бар. Соны жасап келу керек", - деп атап өтті Қайыров.
Полицей жай құжатпен тіркеуден шығаруға болмайтынын, шетелге көлікпен бару қажеттігін жеткізді. Ал Ресей мен Беларусьтің нөмірін таққан көліктер үшін тәртіп басқаша. Олар бір жыл бойы жүре алады. Бір жыл өткесін Қазақстаннан шығып, 30 күннен кейін қайтадан кіруге рұқсат бар.
ЕУРО-4 талабын ұмытпау қажет
Қазақстанда тіркеуге қойылмайтын көліктер бар. Олар – рөлі оң жақта және ЕУРО-4 экологиялық талабына сай келмейтін автомобильдер. Заңнамада талапқа сәйкес келетін көліктердің шығарылған жылы да жазылған.
"Жаңылмасам, Корея көліктері 2006 жылдан, Еуропа 2005 жылдан, Жапония 2010 жылдан, ал Қытай көліктері 2012 жылдан бастап тіркеуге қойылады. Осы уақытта шығарылған автомобильдер ЕУРО-4 стандартына жатады. Одан ерте шығарылса, тіркеуге мүлдем қойылмайды", - деді Қайыров.
Оның айтуынша, күні кеше "Жолда қабылдау" аясында кеңес алған адамдардың басым бөлігінің көлігі ЕУРО-4 стандартына кірмейді. Себебі 2000-2003 жылдары шығарылған. Ондай көліктерді тіркеуге қоюға рұқсат жоқ.
"Енді, оларға ешкім тиіспейді, арнайы ұстап, жауапқа тартпаймыз. Бірақ жол ережесін бұзса, барлық құжаты тексеріледі. Жылдамдықты асырса, сосын жол апатына себеп болса, тексеріс жүргіземіз. Бақылау бекеттерінде тоқтатуы мүмкін. "Ориентировка" түссе, іздейміз. Ал жолда тұрып алып, бәрін тоқтату деген болмайды", - деп түсіндірді Қайыров.
Облыстағы бас полицейдің орынбасары жол жүру ережесін бұзған ондай көліктер бірден айып тұрағына тоғытылатынын да ашық айтты. Себебі заң бойынша ондай көліктерді Қазақстанға кіргізуге болмайды.
Утилизациялық алымның мөлшері қандай?
2016 жылдан бастап Қазақстанда автомобиль жасайтын компаниялар мен ресми импорттаушылар утилизациялық алымды төлеуге міндеттелді. Олардың қатарына көлікті сырттан әкелетін қарапайым азаматтар да кіреді. Алым көлікті алғашқы тіркеуге қойғанға дейін төленуі керек.
Утилизациялық алымның мөлшері жыл сайын айлық есептік көрсеткішке қарай өзгеріп тұрады. Жаңа жылдан бастап бір айлық есептік көрсеткіш 2 651 теңгеге көтерілді. Ал утилизациялық алымның базалық төлемі 50 АЕК, яғни 132 550 теңгені құрайды.
Базалық төлем көлік қозғалтқышының көлеміне қарай есептеледі. Мәселен, бір литрге дейінгі қозғалтқышы бар автомобильдердің утилизациялық алымы 3 базалық төлемге тең, үш литрден жоғары болса, 23 базалық төлем жасалады. Осылайша 2.5 литрлік көлік үшін 1 325 000 теңге төлеу керек. Ал 3.5 литрлік қозғалтқыштың утилизациялық алымы 3 048 650 теңге болады.
Жалпы, алғашқы тіркеуге төленетін баж салығымен қоса есептегенде барлық шығын 4 миллион теңгеге дейін баруы мүмкін.