Қазақстандықтарға 10 миллион теңге не үшін беріледі?
Kyzylorda-news.kz. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев жемқорлық фактілерін хабарлаған адамға берілетін сыйақының мөлшері өскенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Жақында ғана президенттің тапсырмасын орындау мақсатында жемқорлық фактілері туралы хабарлағаны үшін халықты ынталандырудың жаңа жүйесіне арналған үкіметтің қаулысы қабылданды. Енді, сыйақының мөлшері дифференциалды болады", - деді Шпекбаев.
Оның айтуынша, жемқорлық фактісі туралы хабар берген адам параның 10 процентіне дейінгі сыйақыны ала алады. Бірақ ол үшін сотта ұсталған адамның кінәсі дәлелденуі керек. Үкімет қаулысына сәйкес, максималды сыйақының мөлшері 10 600 000 теңге көлемінде белгіленді.
"Осы орайда 1424 байланыс орталығын ерекше атап өткен жөн. Бұл - халықпен кері байланыс жасаудың тиімді құралы. Өткен жылы жемқорлық фактілері туралы хабарлар үш есеге көп түсті", - деп атап көрсетті Шпекбаев.