Арал қаласында тұрғын үйлерді су басты
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы Арал қаласындағы Мархабаев көшесінің төменгі беткейінде орналасқан тұрғын үйлерді су басты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оған Арал қаласында ауа райының күрт жылыну себеп болған. Соның салдарынан қар еріп, аудан орталығының төменгі беткейінде орналасқан Мархабаев көшесіндегі тұрғын үй аулаларын су алған. Аталған оқиға бойынша Арал ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің «112 құтқару қызметіне» хабар түскен.
«Арал ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары зерделеу жұмыстарын жүргізді. Қар суының тұрғын үйлерге қауіп төндіру мүмкіндігі анықталды. Бұл жұмысқа 3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші құтқарушыларын жұмылдырды. Осылайша жедел әрекетке көшкен мамандар 2 дана су тазалау мотопомпасын әске қосты. Техника көмегімен аумақты жиналған қар суынан тазарту жұмыстарын жүргізілді. Қазіргі таңда барлық сақтық шаралары ескеріліп, суды қауіпсіз аймаққа айдау жұмыстары жасалды. Мамандардың шапшаң әрі нақты іс-қимылдарының арқасында тұрғындарға материалдық шығын келтірілмеді. Оқиға орнына барлығы 10 қызметкер, 2 техника және 2 мотопомпа жұмылдырылды», - деп мәлім етті Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің мамандары.
«Бұл проблеманы аудан әкімдігі қатаң бақылауға алды. Көшелердегі жиналған қар үйіндісі мен суды тазарту үздіксіз жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күнге дейін 1 221 текше метр қар және 1950 текше метр қарғын су қала сыртына шығарылды. Қажеттіліктерге байланысты арнайы техникалар арқылы топырақ төсеу, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын қолға алды. Оған 15-ке жуық арнайы техника, 60-тан астам адам тартылды», - деп хабарлады Арал ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Сая Ерғалиева.