Әдеп нормаларын сақтау – мемлекеттік қызметшінің міндеті
Kyzylorda-news.kz. Арал ауданында облыс әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Хамит Тарбақов және "Nur Otan" партиясының облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комиссиясының төрағасы, облыстық Әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі, облыс әкімінің кеңесшісі Махсұт Нәлібаев қатысуымен семинар-кеңес өтті.Семинар-кеңес барысында ең алдымен аудан әкімі аппаратының басшысы, Әдеп жөніндегі уәкіл Нұрмұхамет Бохаев сөз алып, өткен жыл бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады. Атап өту қажет, өткен жыл қорытындысымен мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік нормаларын кеңінен насихаттау мақсатында 11 мәрте ұжымдық кездесулер өткізілсе, мемлекеттік бюджет, мемлекеттік қызмет, мемлекеттік сатып алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамаларын тереңінен түсіндіру бағытында 11 оқыту семинарлары, еркін форматта тәжірибелі психолгтың қатысуымен арнайы тренинг жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, Әдеп жөніндегі уәкіл тарапынан 25 адамға консультациялық кеңес берілген. Бұдан бөлек, Әдеп жөніндегі уәкілдің ұсынысы негізінде мемлекеттік органның оң имиджін және ұжымда жағымды ахуал қалыптастыруға елеулі үлес қосқаны үшін 15 қызметші көтермеленген.
Одан әрі сөз тізгінін алған облыс әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Хамит Тарбақов жалпы әдеп нормаларына жекелей тоқталып өтті. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілерге жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстануға, қоғамға жат мінез-құлық, оның ішінде қоғамдық орындарда адамның қадiр-қасиетiн және қоғамдағы адамгершілікке нұқсан келтіретін масаң күйде болу жағдайларына жол бермеуге, қарапайым болуға, тиісті көрсетілетін қызметтерді алу кезінде өзінің лауазымдық жағдайын баса көрсетпеуге және пайдаланбауға, өз тарапынан қоғамдағы адамгершілікке, тәртіпке және қауіпсіздікке қол сұғушылыққа әкелетін заңнама талаптарын бұзуға және басқа азаматтарды құқыққа қарсы, қоғамға жат әрекеттерді жасауға тартуға жол бермеу міндеттерін түсіндіріп өтті.
Мұнан соң, "Nur Otan" партиясының облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комиссиясының төрағасы, облыстық Әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі, облыс әкімінің кеңесшісі Махсұт Нәлібаев Мемлекет басшысы анықтап берген сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың бағыттарын атап өтіп, өңірде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Соның ішінде, тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты азайтуға, халықтың билікке деген сенімін арттыру бағытында «Адалдық алаңы» жобасының жұмыс барысын тілге тиек етті.
Жалпы қызметтік әдеп нормаларын күшейту мақсатында ұйымдастырылған арнайы семинар-кеңес одан әрі қоғамдық қабылдауға ұласты.
«Nur Otan» партиясының Арал аудандық филиалы ғимаратында өткізілген қабылдау барысында «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық Кеңесінің төрағасы, облыс әкімінің кеңесшісі Мақсұт Нәлібаев аудан тұрғындарының өтініштерін тыңдап, заң аясында тиісті жауап берді.