Университет жастары ұлағатты ұстазбен кездесті
Kyzylorda-news.kz. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғылыми-техникалық кітапханасы кезекті пруст сауалнамасын өткізді.
Бұл жолғы сауалнама Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің көрнекті ғалымы, педагог, ҚР Білім беру ісінің үздігі, «Ы.Алтынсарин» атындағы төсбелгінің, халықаралық «Менделеев» және «Үздік оқытушысы» медалінің иегері, екінші мәрте ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атты ЖОО оқытушыларына берілетін Мемлекеттік грант иегері Күлбарам Сәдуақасқызының ғибратты өмір жолына арналды.

Іс-шараға университет студенттері және елімізге белгілі қайраткерлер: ақын Махмұтбай Әміреев, «Құрмет» орденінің иегері ұстаз - ақын Ділдахан Торғаева, университет профессоры Әнипа Сейдалықызы және қала мектептерінің директорлары қатысты.
Жиында «Жаратылыстану» институтының директоры Самалбек Оразбайұлы Қосанов ғалым-педагогтың өмір жолына тоқталып, қызықты деректермен бөлісті.
Сондай-ақ өз кезегімен сөз алған әрбір қатысушы Күлбарам Сәдуақасқызының бойындағы адами қасиеттер хакім Абай жырлаған «Бес асыл істің» толығынан табылатындығын зор ықыласпен жеткізді. Оның еңбексүйгіштігі мен ізденімпаздығы, білуге құштарлығы арқасында жеткен жеңісі кез-келген жанға үлгі боларлық.
Өзі химик болса да, лирик атанған ғалым-ұстаз Күлбарам Сәдуақасқызының ғылыми - әдістемелік еңбектерінен басқа жарыққа шыққан «Жүрек жырлары» атты өлеңдер жинағын студент жастар мәнерлеп оқыса, озат студенттер ұстазға арнап жүрекжарды лебізін өлеңмен жеткізді.

