Қызылорда облысының әкімі "Сыр медиа" серіктестігінде болды (ФОТО)
Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов "Сыр медиа" ЖШС-ның жұмысымен танысты. Серіктестікке қарасты редакцияларды арнайы аралап, баспаханадағы газет басылу процесін көрді.
Мемлекеттік мүддені қалың көпшілікке жеткізіп, қоғамдағы өзгерістерге сай көзқарас қалыптастыруда аймақтық медианың маңызы зор. Осы орайда облыстағы бірнеше басылымды бір шаңырақ астына топтастырған «Сыр медиа» серіктестігі елдік мұраттарға қызмет ету жолында сенім биігінен түскен емес.
Он жылға жуық тарихы бар медиабірлестік құрамында әуелгі жылдары бір өзеннің қос саласындай қатар өрілген «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттері болды. 2013 жылы оған қалалық, аудандық ресми басылымдар қосылып, жұмыс ауқымы кеңейді. Облыс әкімдігінің қолдауы нәтижесінде содан бері «Сыр медиа» еліміз бойынша өнімін өз баспаханасынан шығарып, өзі тарататын іргелі ұйымға айналды.
«Сыр медиа» ЖШС мемлекеттік саясатты, республика мен өңір жаңалықтарын халыққа дер кезінде мазмұнды түрде жеткізу қызметін қазіргі заман талаптарына сәйкес жаңашылдықпен жүргізіп келеді. Бүгінде барлық басылымның сайттары, сондай-ақ 2011 жылы ашылған «Kyzylorda-news.kz» ақпарат агенттігі саясат, экономика, білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және өзге де салалар бойынша қоғамның тыныс-тіршілігі туралы оқырманға жедел әрі сенімді ақпарат таратуды жолға қойды.Бүгінде 500-ден астам адам еңбек ететін «Сыр медиа» серіктестігі ел игілігіне жарайтын бастамаларымен қалың бұқараға жақсылықтың жаршысы, ұлағатты істердің ұйытқысы ретінде белгілі.
Аймақ басшысы облыстық, қалалық, аудандық бұқаралық ақпарат құралдары бас редакторларымен кездесті. "Сыр медиа" ЖШС-ның бас директоры Аманжол Оңғарбаев серіктестіктің атқарып келе жатқан жұмыстары туралы жан-жақты баяндап берді. Жиын соңында облыс әкімі медиабірлестіктің атқарған жұмыстарына оң бағасын беріп, алғысын білдірді.