Арал ауданының әкімі ауыл халқымен кездесті
Kyzylorda-news.kz. Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев Аралқұм ауылдық округіне қарасты Шөміш елді мекенінде болды.Аудан басшысы алдымен кварц құмын игерумен айналысатын «Латон-Маркет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысшыларымен кездесіп, жұмыс барысымен және құмды вагондарға тиеуге арналған аймақ пен қатынап жұмыс жасайтын жұмысшылардың жатын орындары мен асханасын аралап танысып шықты.
Қазіргі таңда аталған мекемеде 43 адам жұмыс істейді, оның 23-і жергілікті тұрғын. Негізінен шыны жасау мақсатында пайдаланатын кварц құмы Жамбыл, Алматы облыстары мен Шымкент қалаларына және көршілес Қырғызстан мемлекетіне жөнелтіледі.
Аудан әкімі одан соң №263 орта мектебінің ғимаратында ауыл халқымен кездесті. Жиында тұрғындар «Латон-Маркет» ЖШС-і камаз автокөліктерімен құм тасымалдау кезінде шаң көтерілетіндігін және елді мекенге ауыз су, жол, электр энергиясы, ұялы байланыс, спорт алаңының қажет екендігі жөнінде ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Тұрғындармен өткен кездесуде «Латон-Маркет» ЖШС-нің директоры Керимов Шәріпхан мекемеге қатысты айтылған мәселелерге жауап беріп, атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде мәлімдеді.
«Халықтың көптен күткен қуанышы ауыз су мәселесі шешімін тауып, көктем мезгілінде құрылыс жұмыстары басталады. Алдағы уақытта жасанды төсеніші бар спорт алаңын салу және елді мекеннің орталық көшесін жарықтандыру үшін қажетті жоба сметалық құжаттарын дайындау жұмыстары жүргізіледі. Ал жоғарыда аталған кварц құмын тасымалдау кезінде көтерілетін шаңды басу үшін қосымша арнайы су себетін автокөлік бөлу қажет екендігін жауапты мекеме директорына тапсырамын», - деді аудан әкімі.
Мұхтар Әуесұлы жиында айтылған жол, ұялы байланыс сынды барлық мәселелердің ескерусіз қалмай оңтайлы шешімін табуы үшін тиісті жұмыстар жүргізілетіндігін айтты.