Қызылордадағы облыстық кітапхананың қоры «Фараби» атты жеті томдық кітаппен толықты
Kyzylorda-news.kz. Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қоры ұлы философ, ғұлама ойшыл Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай Халықаралық Абай клубының президенті, жазушы Роллан Сейсенбаевтың құрастыруымен қазақ және орыс тілдерінде шығарылған жеті томдық кітаппен толықты.Жинақтың бірінші томында ғұлама ғалымның «Қайырымды қала» кітабындағы тарауларға шолу жасалған. Ал «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» деген трактаттарында бірқатар қоғамдық, әлеуметтік, этикалық мәселелерге талдау жасалынған. Әл-Фарабидің бұл шығармасында мемлекеттің пайда болуы, ондағы теңсіздіктің өмірге келуі, идеал қала халқының моральдық бейнесі, қала әкімдеріне қажетті адамгершілік қасиеттер, әр адамның бақытқа жету үшін бүкіл қоғам болып тіршілік ету керектігі туралы айтылған.
«Философиялық трактаттар» атты екінші томында Әл-Фарабидің философиялық көзқарастары, интеллектің түрлері, тіл туралы ғылым, логика, математика, табиғат және тәңірлік ғылымдар, азаматтық ғылым, фиқһ және діни ілім бойынша бес тараулық тақырыптар тереңінен қамтылған.
«Әлеуметтік этикалық трактаттар» атты үшінші томына ұлы ойшылдың «Бақыт жолын сілтеу», «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері», «Бақытқа жету туралы» төрт трактаты енгізілген.
Жеті томдықтың «Музыка туралы үлкен кітап» атты төртінші томында Әл-Фараби музыканың табиғатын түсіндіретін терорияларды, поэзиялық және музыкалық өнердің байланысын ашып көрсетеді.
Ұлы ойшылдың шығармалар жинағының «Ғылым туралы кітап» атты бесінші томына ғалымның «Евклидтің бірінші және бесінші кітап кіріспесіндегі түсініксіз тұстарды түсіндіру», «Геометриялық денелердің табиғи құпиялары мен рухани шебер амалдар туралы кітап», «Адам денесінің мүшелері туралы Аристотельмен келіспеген Галенге айтылған уәждер» және тағы да басқа трактаттары енген.
Сондай-ақ бұл томнан ғалымның ғылым мен жаратылыстанудағы, медицина, физика, химия, математика салаларындағы ізденістерін аңғаруға болады.
Алтыншы том – «Ой-сана туралы кітап» деп аталғанымен, бұл алдыңғы кітаптың жалғасы ретінде саналады. Осы жинақтан математика мен жаратылыстану салаларының қыр-сырын терең түсінуге болады. Сондай-ақ бұл томға Дешті-Қыпшақ даласына он бір ғасырдан кейін жеткен Фараби жырлары жинақталған. Әл-Фараби өлеңдерін қазақшаға аударған А.Нысаналин. Сонымен қатар кітапта ұлы ойшылдың өмір жолы мен еңбектері туралы мол мәлімет бар.
Жетінші томын Әнуар Әлімжанов «Ұстаздың оралуы» атты романымен аяқтайды. Мұнда автор сонау X ғасырда ғұмыр кешкен әл-Фарабидің ғибратты өмірін сөз етеді. Музыкалық мәдениеті мен сауатының арқасында жазушы әл-Фарабидің «Музыканың ұлы кітабын» көркем желіге айналдыруға күш салады. Романнан шартарапқа білім шырағын жаққан, артына асыл рухани мол мұра қалдырған Әл-Фарабидің жарқын бейнесін көруге болады.