Қызылордада кәсіпкер құқығы қорғалды
Kyzylorda-news.kz. Қызылордада аукционға қатысып, кәсіпкерлік мақсатта алынған жерлер бос болмай, қиындыққа кезігіп жүргендер көп.Қызылорда қаласының тұрғыны Қарылға Жеткергенованың кәсіпкерлік саласында жүргеніне біршама уақыт болған. Бұрын жылжымайтын мүлікті тек жеке тұлғалардан алып, жұмыс жасап жүрген кәсіп иесі 2019 жылы мемлекеттік органның жариялаған ашық аукционына қатысып, кәсіпкерлік мақсатта 0,1 га жер телімін ұтып алған болатын.
«Жер телімі Қызылорда қаласының сол жағалауындағы көп пәтерлі тұрғын үйлердің арасында орналасқан. Аталған жер учаскесіне тиісті құқық беретін құжаттарды заңдастырып, кәсіпкерлік мақсаттағы нысанның құрылысын жүргізуге дайындық жұмысын жасадым. Осы нысанды салу үшін «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығынан несие рәсімдеп, кепілге өзім тұрған үйімді қойдым. Алайда салынатын нысан құрылысына құрылыс-жобалау жұмыстарын жүргізу үшін 22 маусымда жер теліміне барғанымда көп пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы жүргізіліп жатқандығын анықтадым», - дейді кәсіпкер Қарылға Жеткергенова.
Бұл орын алған жағдай кәсіпкердің құрылысқа қатысты барлық жұмыстарының тоқтауына алып келеді. Кәсіпкердің айтуынша, қала әкімдігі тарапынан ешқандай ескерту хабарламасы келмеген. Әрі қарай әкімдік кәсіпкердің аукционнан жеңіп алған жерінің орнына басқа жер телімін ұсынып, тек қазан айында ғана кәсіпкер жердің заңды иесі атана алады.
Орын алған заңсыздық салдарынан кәсіпкер Өңірлік инвестициялық орталығынан алған несиесі, оны игерудегі міндеттемесі бойынша мерзімінен кешігеді.
Кәсіпкердің ендігі қиындығы кәсіпкерлік нысаны, яғни дүкен құрылысының эскиздік жобасын бекітуде шығады. Әкімдік тарапынан берілген нұсқамаларды орындағандығына қарамастан, кәсіпкердің 3 рет ұсынған эскиздік жобасы да кері қайтарылады. Мұнымен қоса, жергілікті атқарушы органның жауапты мамандары «құрылыс жобасы жоқ бола тұра құрылыс жүргізілуде» деп, облыстық құрылыс-бақылау басқармасына хабарлама жібереді.
Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері бұл мәселеге қатысты жан-жақты зерделеу жұмыстарын жүргізіп, қорытындысымен бірқатар оң нәтижелерге қол жеткізе алды.
Кәсіпкерге салынған айыппұл көлемі азайтылып, кәсіпкерлік мақсаттағы ғимараттың эскиздік жобасы бекітіліп, кәсіпкер құрылыс жұмыстарын толық аяқтай алды.
Мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде кемшіліктерге жол бергені үшін қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің жауапты қызметкеріне «ескерту» түріндегі тәртіптік жаза берілді.