Сырдария ауданында «Ақмешіт- адалдық алаңы» жобасы аясында кездесу өткізілді

Кездесуге Сырдария ауданы әкімінің орынбасары Димаш Байдушев, «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Жандос Тұсмағамбетов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті жанындағы ақпараттық-ағартушылық штабының мүшелері Мақсұт Баекеев пен Ыбрайхан Мұсабаев, құқық қорғау органдарының өкілдері, кент және ауыл әкімдері мен мамандары, дербес бөлім басшылары мен мектеп директорлары қатысты.
Жиынды ашқан Димаш Байдушаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында облыс әкімдігімен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті бірлескен «Ақмешіт-адалдық алаңы» жобалық кеңсесі аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларды ұйымдастыру кестесі бекітілгенін айтып өтіп, әкімдік пен агенттіктің ұстанымы – сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту және оның алдын алу тиімділігін арттыру болып табылатынын жеткізді.
Кездесу жиынында «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Жандос Тұсмағамбетов хабарлама жасап, жоба аясында атқарылған жұмыстар жөнінде кеңінен мағлұмат беріп, күнделікті жұмыста сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы шараларға тоқталды.
Сонымен бірге ақпараттық-ағартушылық штабының мүшелері – Мақсұт Баекеев пен Ыбрайхан Мұсабаевтар өз кезегінде тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюға қатысты ойларымен бөлісті.
Айта кетейік, «Ақмешіт - адалдық алаңы» жобалық кеңсесі Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасы негізінде Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен ашылған.
Жобаның мақсаты – сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы төзбеушілікті қалыптастыру және мемлекеттік билік институттарына азаматтардың сенімін арттыру болып табылады.
