Қызылордадағы «Атамекен» балалар ауылында «Next чемпионмын» акциясы өтті
Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен «Атамекен» балалар ауылында «Next чемпионмын» акциясы өтті.
Акцияға Қызылорда облыстық ҚХА мүшелері, облыстық ҚХА жанындағы волонтерлер орталығының мүшелері және «Tarbie» спорттық волонтерлік бағытының өкілдері, «Қайсар» футбол клубының ойыншылары, спортшылар, жаттықтырушылар қатысты.
Әлеуметтік осал топ балаларын спортқа баулу мақсатында өткен шарада «Қайсар» футбол клубының ойыншылары Елдос Ахметов, Думан Нәрзілдаев сайысқа қатысушылармен кездесіп, оларға сәттілік тіледі.
«Мен сіздердей кезімде космонавт болғым келді, бірақ өскенде футболшы болдым. Армандар орындалу үшін алға үлкен мақсат қою керек. Мақсатқа жету үшін еңбек керек. Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы мен республикалық акцияға орай ұйымдастырылып жатқан салауаттылықты насихаттайтын шарада баршаңызға жеңіс тілеймін», - дейді «Қайсар» футбол клубының ойыншысы Елдос Ахметов.
Жасөспірімдерді спортқа баулу арқылы салауатты өмір салтына деген ынтасын арттыру, рухани даму және жақындарына құрмет көрсету, елде спорттық ортаны дамытуды көздеген шарада балалар ауылының тәрбиеленушілері көңілді спорт түрлерінен сайысқа түсті.
Белсенділік танытып, оқ бойы озып шыққан мықтыларға облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ләйлә Бегалықызының атынан диплом табысталып, этномәдени бірлестіктер мен волонтерлер тарапынан сыйлықтар берілді.