Коронавирус: Қызылорда облысында сақтық шаралары күшейтілуде
Kyzylorda-news.kz. Елімізде коронавирус инфекциясы тіркелген жоқ. Десе де вирустық инфекцияның алдын алу бағытында аймағымызда да бірқатар жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов мәлімдеді.
«Мемлекет басшысы сақтық шараларын күшейтуге байланысты нақты тапсырма берді. Осыған орай, облысымызда коронавирусты инфекциясының таралуын болдырмау жөніндегі санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды үйлестіру мақсатында комиссия құрылды. Сондай-ақ, вирусты инфекциямен ауырған немесе оған күдікті науқасты оқшаулау және аурудың таралуын болдырмауға бағытталған індетке қарсы шаралардың кешенді жоспары әзірленді. Және де облыс аумағында коронавирус инфекциясының алдын-алу және оны таратпау мақсатында тиісті сала басшыларымен бірлескен бұйрық бекітілді»-, деді Наурызбай Сейтқалиұлы.
Мұнан өзге, сақтық шараларын күшейту мақсатында оқушыларға 16 наурыз бен 5 сәуір аралығында демалыс беріліп, ал колледж және ЖОО студенттері қашықтықтан онлайн – оқуға көшеді. Бұған қоса, 16 наурыздан бастап барлық мәдени-көпшілік іс- шараларды өткізу уақытша тоқтатылады.
«Денсаулық сақтау , білім беру, ХҚКО, коммуналдық шаруашылықтар, базарлар, қоғамдық тамақтану орындары және қоғамдық көліктерде, вокзалдар, әуежайлар мен қонақ үйлерінде санитариялық-дезинфекция жұмыстары күшейтіліп,режим енгізіледі»,-деді Әлия Мүтәліпқызы.
Сонымен қатар, облысымызда коронавирус инфекциясы анықталған жағдайда қарым-қатынаста болған тұрғындарымызды бақылап-қадағалау, аймағымыздың тұрғындарына бағытталған сақтық шаралары үшін обсервациялық стационарлар ашылуда.
«А» санатындағы елдер– Италия, Қытай, Оңтүстік Кореядан және Ираннан шетелдік азаматтарға кіруге тыйым салу бойынша шаралар енгізілді. Тіркелген ауру жағдайлары бар елдерден келген Қазақстан азаматтары карантиндік режимде болады. Бірінші санаттағы елдерден келетін адамдар медициналық ұйымдардың стационарларына жатқызылады. Ал, екінші санаттағы елдерден келгендер 14 күн бойы үйлерінде оқшауланып, оларға емдік шаралар жасыланады.
Сонымен қатар, Қазақстан азаматтарына коронавирустық инфекция тіркелген елдерге бармауға, жеке гигиена ережелерін сақтауға және адамдар көп жиналатын жерлерден аулақ болуға кеңес беріміз.