Коронавирус: Қызылордада жалған ақпарат таратқандар ұсталды
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласы мен Жаңақорған ауданында «COVID-19» диагнозымен емделіп жатқандар бар екені туралы шындыққа жанаспайтын, көрінеу жалған ақпараттардың Whats-app мессенджері арқылы таратылуының 2 фактісі анықталды.
Бұл деректер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабы 4-бөлігінің)-тармағымен (төтенше жағдай кезінде көрінеу жалған ақпарат тарату) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Облыстық денсаулық сақтау департаментінің соңғы мәліметіне сәйкес облысымызда «COVID-19» диагнозымен науқастану жағдайы тіркелмеген. Күдік келтіріліп, карантинге жатқызылған тұлғаларда бұл диагноз расталған жоқ.
«Құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың төтенше жағдай режимі жарияланған кезеңде қылмыс пен құқықбұзушылыққа жол бермеу жөнінде тиісті түсіндірме жүргізгеніне қарамастан жалған ақпарат тарату деректері кездесуде. Мұндай әрекет төтенше жағдай кезінде немесе ұрыс жағдайында немесе соғыс уақытында не жария іс-шаралар өткізу кезінде жасалатын болса, ол ауырлатушы мән-жай ретінде қарастырылып, ауыр қылмыс ретінде сараланады. Аталған қылмысты жасаған тұлғаларға үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін», – деп атап өтті біздің ақпарат агенттігіне Қызылорда облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.