Сәрсен Тілеубай: Қашықтан оқыту – бәсекеге қабілетті екенімізді дәлелдейтін зор мүмкіндік

Осыған орай, Информатика және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар кафедрасының оқытушылары өз сабақтарында қашықтан оқыту технологияларын пайдаланып, студенттерге дәрістерді үздіксіз жүргізуде.
Басында оқыту форматы Платонус ақпараттық жүйесінде чат дәрістер негізінде бастау алған болса, екінші аптадан оқу үдерісін одан әрі сапалы және тиімді ұйымдастыру үшін университет педагогтары мен студенттері түрлі ZOOM, Google Classroom.com, Moodle, Telegram, Скайп ақпараттық платформаларында еркін жұмыс істей бастады.
Сондай-ақ оқытушылар мен студенттерге Coursera, Лекториум, МООК сияқты білім порталдарында орналасқан видеодәрістер мен онлайн курстар ұсынылды.
Қашықтан білім беру жағдайында туындаған барлық сұрақтарға жауап беру мақсатында университет сайтына Call орталығы туралы ақпарат орналастырылып, онда келіп түскен сұрақтарға дер кезінде жауап берілуде.
Айта кететін нәрсе – барлық сабақтар кестеге сәйкес, байланыс сағаттары онлайн режимге өткізіледі.
Бүған онлайн-лекциялар, бейне-лекциялар, өзіндік онлайн-жұмыс, онлайн-курстар, чат-сабақтар, скайп, теле-сабақтар және т.б. кіреді.
Егер студенттер үйлеріне қайтып кетсе және интернет жұмыс істемейтін алыс ауылдарда тұрса, онда біз бұл мәселеге түсіністікпен қараймыз, студенттер электронды пошта немесе мессенджерлер арқылы жұмыс істей алады.
Егер интернет мүлде болмаса, онда олар осы шаралардың әрекеті аяқталған соң барлық орындалған үй тапсырмаларын оффлайн-режимде ұсынады.
Қорыта айтқанда, қашықтан оқыту технологиясын пайдалануды – біліктілік пен білімнің сыналатын уақытында өзіміздің бәсекеге қабілетті екенімізді байқатуға жасалған бірден-бір мүмкіндік деп сезіндік.
Сәрсен ТІЛЕУБАЙ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті
Информатика және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар кафедрасының меңгерушісі