Қызылорда облысында жыл басынан бері 23 өрт оқиғасы тіркелген
Kyzylorda-news.kz. Жыл басынан бері облыста 90,81 гектар аумақта орман және дала өрті болды. Жалпы саны 23 өрт оқиғасы тіркеліп, мемлекетке 8 млн 132 мың 800 теңге шығын келтірілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте Қызылорда облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Руслан Қайрақбаев мәлімдеді.
«Орман қоры аумағында орын алған өрттердің негізгі себептері тұрғындардың және жеке шаруа қожалық иелерінің өз жерлерін абаттандыру, жерді ашу үшін қураған шөптерді және қоқыстарды өртеу кезінде желдің әсерінен орман қоры аумағына шоқ ұшқындарының ұшуынан өртке ұласып жатады», – деді ол брифингте.
«Өңіраралық сипаттағы орманды дала өртін жою жоспарына» сәйкес 2020 жылы Қызылорда облысы бойынша 7 мемлекеттік мекеме жанынан 2135 адам, 237 техника, оның ішінде 1 ұшақ, 4 өрт сөндіру пойызы бар күштер мен құралдар саны нақтыланған.
2014-2020 жылдар аралығында облыс бойынша мемлекеттік өртке қарсы қызметі жоқ елді мекендерде кезең-кезеңімен 22 өрт сөндіру бекеті құрылды.