Бахытжан Сайлыбаев: Ешкім мемлекеттің қамқорлығынан шет қалмайды
Kyzylorda-news.kz. Бүгін баршамыз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жасаған мәлімдемесімен таныстық.
Ел Президенті өз мәлімдемесінде 16 наурыздан бері жарияланған төтенше жағдайдың жұртшылыққа оңай тимегендігін, ел экономикасына да кері әсер етіп, көп азаматтардың табыссыз қалғандығын, бірақ, ұлтымыздың амандығы, ұрпағымыздың болашағы үшін бұл шешімнің дұрыс болғандығын, оған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының да оң баға бергендігін атап өтті.
Мемлекет басшысының мәлімдемесіндегі басты мәселе – елдегі бүгінгі ахуалға байланысты мемлекеттік комиссияның ұсыныстарын негізге алып, төтенше жағдай режимін биылғы 11 мамырға дейін ұзарту туралы Жарлық шығару жөнінде шешім қабылдағандығы және осы мерзімнен кейін карантин талаптарының жеңілдейтіндігі болды.
Сонымен қатар, бірқатар өңірлерде вирустың таралу қаупінің сейілмей отырғандығын, азаматтарымыздың денсаулығын сақтап, өмірін қорғап қалу, халықтың табысын сақтау, мұқтаж жандарға әлеуметтік көмек беру үшін де арнайы қабылданып жатқан шаралардың одан әрі жалғаса беретіндігін баса айтты.
Қазіргідей күрделі кезеңде мемлекет ешкімді де қиындықта қалдырмайтындығын, елімізде азық-түлік тапшылығының жоқ екендігін, алда тағы да 1,1 миллионнан аса адам азық-түлікпен қамтылатындығын, 1,6 миллионнан астам адамға коммуналдық төлем үшін көмек көрсетілетіндігін, шағын және орта бизнеске, ауыл шаруашылығы саласына үлкен қолдау болып жатқанын, жалпы азаматтар мен бизнесті қолдау үшін 6 триллион теңгеге жуық қаржы бөлінгендігін назарға алған.
Президент өз мәлімдемесінде баса айтқандай, карантин талаптарының жеңілдеуі, ол бұрынғы күнделікті қалыпты өмірге қайта оралу емес. Адамдар көптеп шоғырланатын орындар әлде де өз жұмыстарын тоқтата тұрады. Барлық білім мекемелеріндегі қашықтықтан оқыту жалғаса береді. Өйткені карантин режимі бұзылса, аурулар саны күрт көбейіп, жаңа ошақтар пайда болуы мүмкін.
Құрметті ағайындар! Келеңсіз күндердің көбі кетіп, азы қалды. Халқымызда «Барына қанағат, жоғына сабыр» деген де жақсы сөз бар. Олай болса, бүгінімізге шүкіршілік жасап, сабыр сақтап, егер алда тек жақсы күндер болып, қалыпты өмірге тезірек оралуды ойласақ, карантин талаптарын қатаң сақтап, үйде болайық!
Барынша төзімділік пен сабырлылық танытайық!
Амандықта болайық!
Бахытжан САЙЛЫБАЕВ,
Қызылорда облыстық қоғамдық кеңес төрағасы,
М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі директоры