Қызылордалық оқушылар қашықтан би фестивалінде жеңімпаз атанды
Kyzylorda-news.kz. Назарбаев Зияткерлік мектептерінің білім алушылары арасында алғаш рет өткізілген «Біз біргеміз» қашықтан би фестивалінде қызылордалық зияткерлер 2 жүлделі орындарды иеленді.
60-қа жуық талантты жастардың басын қосқан байқау халық билері, қазіргі заман хореографиясы, спорттық балдық би, хип-хоп және k-pop бағыттары бойынша өткізілді. Алғашқы жанрда Қызылордадағы мектептің 11-сынып оқушысы Елжан Жарылқасын және 12-сынып оқушылары Гүлмарал Кеңесбек пен Жансая Серікбай өз өнерлерін көрсетсе, қазіргі заман билері бағытында 11-сынып оқушылары Мерей Исатай мен Назым Қуандық және 10-сынып оқушысы Баян Сарибаева бақтарын сынады.
Жансая мен Баян байқаудың ақтық кезеңіне жолдама алып, қорытындысы бойынша бірінші ару І орынды, ал екінші оқушы жүлделі ІІІ орынды иеленді. Сондай-ақ, фестиваль барысында би қойылымының креативті мазмұнымен ерекшеленген Мерей Исатай «Үздік қойылым» номинациясымен марапатталды.
Айта кету керек, І онлайн би фестивалін Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі ұйымдастырып, алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отыр.