Көлікте бала отырғанда темекі тартқандар 55 560 теңге айыппұл төлейді
Kyzylorda-news.kz. Мәжілістің жалпы отырысында "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексі жобасы екінші оқылымда мақұлданды.
"Кәмелет жасына толмағандарға темекі және темекі бұйымдарын сатқаны, темекі бұйымының маркасы бар тауарларды қасақана таратқаны, көрмеге қойғаны немесе сатқаны үшін әкімшілік айыппұлдар 2 есеге өсті. Ал темекі және темекі бұйымдарын сату жөніндегі заңнама талаптарын, оларды белгіленбеген орындарда тұтынуға салынған тыйымды бұзғаны, заңсыз жарнамалағаны үшін әкімшілік айыппұлдардың мөлшері 30-50%-ға ұлғайтылды. Автомобиль көлік құралында балалар болған кезде онда темекі бұйымдарын тұтынғаны үшін 10-нан 20 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл көзделіп отыр", - деді депутат Зәуреш Аманжолова.
Бірінші рет заң бұзғаны үшін 15-тен 100 АЕК-ке дейін (41 670 теңгеден 277 800 теңгеге дейін), ал заң бұзушылық қайталанса, онда 30-дан 200 АЕК-ке (83 340 теңгеден 555 600 теңгеге дейін) дейін айыппұл салынады. Автокөлікте балалар отырған кезде шылым шеккені үшін 10-нан 20 АЕК (27 780 теңгеден 55 560 теңгеге дейін) дейін айыппұл көзделген.