Жасұлан Абатов: Байқоңыр - Қазақстан мен Ресей арасындағы достықтың символы
Kyzylorda-news.kz. Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілінің қызметін қамтамасыз ету басқармасының басшысы Жасұлан Абатов байқоңырлықтарды мерейтойымен құттықтады.
«Сіздерді шын жүректен Байқоңыр қаласы мен ғарыш айлағының 65 жылдығы мерейтойымен құттықтаймын. Байқоңыр - бай дәстүрі, қайталанбас тарихы мен мәдениеті бар және Қазақстан мен Ресей арасындағы достықтың символы болып табылатын қала. Туған күнде қаламызға одан әрі даму мен өркендеу, әл-ауқаттың, жақсылық пен өзара сыйластықтың өсуін, әрбір тұрғын өз қаласын сүйіп, жалпыға ортақ игілікке өз үлесін қосуын тілеймін», - делінген әлеуметтік желідегі парақшасында.
Айта кетейік, бүгін 2 маусымда Байқоңыр қаласының және ғарыш айлағының құрылғанына 65 жыл толды.
1955 жылдың 12 ақпанында СССР Қорғаныс министрлігінің №5 ғылыми-зерттеу сынақ полигонын құру туралы қаулы жарияланды. Бірақ Байқоңырдың негізі қаланған дата ретінде полигонның ұйымдастырушылық-штаттық құрылымы бекітілген – 1955 жылдың 2 маусымы белгіленді.