Қызылорда облыстық мәслихат депутаттары Арал ауданына барды
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында индустриялық-инновациялық даму бағытында атқарылған жұмыстар және Индустрияландыру бағдарламасының үшінші бесжылдығы аясындағы міндеттер туралы” мәселені Қызылорда акоблыстық мәслихаттың кезекті сессиясына әзірлеу жөніндегі Уақытша комиссия құрамы Арал ауданына келді.
Сапар барысында Қызылорда облыстық мәслихат депутаты, комиссия төрағасы Б.Махашов бастаған депутаттар Қ.Бедер, М.Жұмашев, облыстың индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ж.Еламановтар ең алдымен ауданға қарасты Жақсықылыш кентінде орналасқан «Аралтұз» АҚ-ның «Ас және техникалық тұз өндіру зауытын жаңғырту» жобасының жұмысымен танысты. Айта кету керек, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жалпы құны 3 млрд теңге болатын «Аралтұз» АҚ-ның «Ас тұзын өндіру», яғни 3-Испан цехын салу жобасы «Халық банкі» АҚ арқылы мақұлданып, 2019 жылдың соңында 1,9 млрд теңгесіне қол жеткізілсе, ағымдағы жылы қалған 1,1 млрд теңге қаржыландырылады деп күтілуде. Бүгінде құрылыс жұмыстары басталып кеткен.
Одан әрі мәслихат депутаттары «Арал құрылысы»ЖШС-нің «Асфальтбетон зауытының» жай-күйімен танысып шықты. Сонымен қатар, «Қазақстан Аквакультура ЛТД» ЖШС-нің «Балықты тереңінен қайта өңдеу зауыты мен пластикалық қайық жасау цехының» құрылыс жұмыстарына куә болып, Арал қаласында орналасқан индустриялық аймаққа жол тартты.
Индустриялық аймаққа табан тіреген облыс депутаттары сол аумақта орын тепкен «Жаңа Арал» ЖШС-нің, «Берекет» шаруа қожалығының жұмысымен және «Qazaq Camel» ЖШС-нің «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындау цехінің» құрылыс барысымен танысты.
Іс-сапар соңы облыс депутаттары Б.Махашов, Қ.Бедер, М.Жұмашев, мәслихат аппаратының басшысы Б.Ідірісов, облыстың индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ж.Еламанов, аудан әкімінің сала орынбасары Р.Өтешов, тиісті бөлім басшыларының қатысуымен өткізілген комиссия отырысымен қорытындыланды.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың төрағалығымен өткен комиссия отырысында Б.Махашов өңірде кәсіпкерлік бағытының өрісі кеңейіп, жүріп жатқан ауқымды жұмыстар барысына оң бағасын берді. Сонымен қатар, кәсіпкерлік саласын одан әрі өркендету жолында барынша қолдау білдіріп, жұмыс жасауды жалғастыра беру қажеттігін атап өтті.