Мемлекеттік қызметкерлердің 80 проценті қашықтан жұмыс істеуге көшуі мүмкін
Kyzylorda-news.kz. Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова халық арасында санитарлық талаптың сақталмауы салдарынан елімізде коронавируспен ауырғандар саны көбейіп келе жатқанын мәлімдеді.
Бұл жайында Бюрабекова премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында айтты.
«Науқас адаммен байланыста болғандардың арасында вирусты жұқтырғандар саны артты, оның ішінде тұтас отбасының індетке шалдығу оқиғалары көп тіркеліп жатыр. Өткен екі аптада коронавирусты жұқтырғандардың жартысына жуығы ұжымдарға қатысты болды», - деді ол.
Осыған орай, премьер-министрдің орынбасары науқастар саны артып жатқан өңірлердің әкімдіктеріне карантин шараларын күшейту мәселелерін қарастыруды тапсырды.
«Өңір әкімдіктері санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын бақылайтын топтардың жұмысын күшейтуді, талаптарды орындамаған объектілердің қызметін уақытша тоқтату бойынша нақты шаралар қабылдауды қолға алуы қажет», - делінген ақпаратта.
Сонымен қатар мемлекеттік орган басшыларына ұжымның 80%-ін қашықтан жұмыс істеу тәртібіне ауыстыру ұсынылды.