Іріктеу конкурсын өткізу кезінде талаптар күшейтілді
Kyzylorda-news.kz. COVID-19 пандемиясына қарсы шаралардың күшеюіне байланысты және балалар қауіпсіздігі мен денсаулығы үшін Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде конкурстық іріктеу кезінде ата-аналарға мектеп территориясында болуға рұқсат етілмейді. Білім ордасының әкімшілігі бұл шектеулерге түсіністікпен қарап, қауіпті жағдайларды тудырмас үшін ғимаратқа кіре берісте топтасып, кептеліс тудырмауға шақырады.
«Біздің басты міндетіміз – үміткерлер үшін барлық қауіпсіз жағдайларды жасау. Сондықтан, біз ата-аналардан емтихан күндері балаларын мектепке жеткізген соң мүмкіндігінше үйлеріне қайтуғат кеңес береміз. Байқау процесін YouTube арнасындағы арнайы жүргізілетін онлайн-көрсетілім арқылы бақылауға болады», – деп түсіндірді Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Бақыт Жұматай.
Сондай-ақ, оқу орнының басшылығы адамдардың көп шоғырлануын болдырмас үшін мектеп алаңында төрт өткізу бекеті жұмыс істейтінін ескертеді. Үміткерлер емтиханға байланыссыз термометриядан өткеннен кейін міндетті түрде бетпердемен жіберіледі. Ғимаратқа және аудиторияға кіре беріс жерлерде антисептик сепкіштері орнатылған. Әр ауысымнан кейін бөлмелерді дезинфенкциялау және желдету жұмыстары жүргізілетін болады.
«Емтихан аудиториялары әлеуметтік қашықтықты қатаң түрде сақтай отырып дайындалды. Яғни үміткерлердің тест тапсыру кезінде арақашықтығы 2 метрден кем болмауы тиіс. Сондай-ақ, оқушылардың жүріп тұруындағы арақашықтықты сақтау үшін қосымша еден белгілері орнатылды. Кешенді тестілеу барлық талаптар мен ережелерге сәйкес өткізілетін болады», – деді Бақыт Әмірханұлы.
Еске сала кетейік, осы демалыс күндері Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде білім алу үшін үміткерлер арнайы конкурстық іріктеуден өтеді. Бірінші ауысым үшін тіркелу Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен сағат 08.00-де, екінші ауысым үшін – 13.00-де басталады.
Байқаудың бірінші күнінде оқушылар жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша оқу қабілетін бағалау тестін тапсырса, екінші күні – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінен сынақтан өтеді. Емтихан нәтижелері тестілеу аяқталған соң күнтізбелік 40 күн ішінде белгілі болады.
Айта кету керек, «Өркен» білім грантын тағайындау жөніндегі республикалық комиссияның қарауына «Математика» бойынша 140 және одан жоғары балл және «Сандық сипаттамалары» бөлімінде 120 және одан көп балл жинаған үміткерлер жіберіледі.