Сырдариялықтар Армениядан әкелген көліктерін заңдастыруда
Kyzylorda-news.kz. 2020 жылдың 1 маусымынан бастап Армения Республикасынан әкелінген көліктерді тіркеу басталды. Бұл ретте Армениядан тек 2020 жылдың 1 ақпанына дейін әкелінген автомобильдер ғана тіркеуден өткізіледі. Көліктерді есепке қою осы жылдың 1 маусымынан 1 қыркүйегіне дейін жүргізілуде. Тіркеуге тек басқару жүйесі сол жаққа орналасқан автокөліктер жатады.
Аудандық полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Сейілхан Кеукеновтың айтуы бойынша автокөлік иелері үш түрлі төлем жасау керек. Бұл тіркеу жарнасы – 695 теңге, тіркеу куәлігі үшін төлем – 3 473 теңге, нөмір үшін төлем – 7 778 теңге (барлығы 11 946 теңге). Сондай-ақ уақытша тіркеу үшін көлік иесінің жеке басын куәландыратын құжат, 0,25 АЕК мөлшерінде мемлекеттік бажды және мемлекеттік бажды төлегені туралы түбіртектер, көлік құралы және мемлекеттік тіркеу нөмір белгісін тіркеу туралы армян куәлігі және басқару құралы оңнан солға ауыстырылған жағдайда автомобильдің қауіпсіздік сертификаты (СБКТС) болуы тиіс.
Мемлекеттік немесе орыс тілдерінен басқа тілде жасалған құжаттар аударылып, нотариустың немесе осындай әрекеттерді жасауға уәкілеттік берілген басқа адамның қолымен куәландырылуы керек.
B әрпі бар 18-аймақтың сары нөмірлері армян автомобильдеріне беріледі. Құжатта уақытша тіркелген көлікке тіркеу куәлігін берген кезде «Арнайы таңбалар» бөлімінде «бұл басқа адамға тіркеуге жатпайды» деп жазылған.
Қазіргі таңда аудан бойынша Армения Республикасынан әкелінген 7 автокөлік иесіне түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, көліктерді есепке қою тәртібі түсіндірілсе, 1 тұрғын мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына қажетті құжаттарды ұсына отырып, мемлекеттік баж төлемдерін төлеу арқылы тіркеді.