1406 байланыс орталығына хабарласушылар саны 2 есе артты
Kyzylorda-news.kz.1406 байланыс орталығына КВИ-ға тест тапсыру мәселесі бойынша хабарласушылар саны 2 есе артты.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры өкілдерінің айтуынша, байланыс орталығына түсетін қоңыраулардың көпшілігі коронавирус бойынша ауруханаға орналастыру мәселелеріне қатысты.
Тұрғындар ПТР-тест тапсыру, коронавирус және сырқаттың симптомсыз ағымының белгілері туралы сұрайды. Медицина ұйымдарының жұмысын, ауруханаға жоспарлы жатқызу жағын түсіндіруді өтінеді.
«Біздің аймақтық филиалдарымыз жергілікті денсаулық сақтау басқармаларымен тығыз байланыста, еліміздің әрбір тұрғынына барынша көмектесуге тырысады. ПТР-талдау тапсыруға қатысты сұрақтар түсіп жатқандықтан, айта кеткім келеді: Бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, 10 санат бойынша COVID-19-ға тестілеу ақысын Қор төлейді», – деп атап өтті Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасының орынбасары Марат Шоранов.
Нақты айтқанда, Қор қаражаты есебінен коронавирусқа ақысыз ПТР-талдаудан өтуге құқылы азаматтар:
Тегін кепілдендірілген медициналық көмек көлемінде:
- инфекциялық стационарларға жатқызылған пациенттер;
- COVID-19 болуы мүмкін деген күдікпен провизорлық стационарларға жатқызылған пациенттер;
- COVID-19 болуы мүмкін, ЖРВИ және пневмония белгілері бар, стационарлық деңгейдегі пациенттер;
- Үйде оқшаулауға жағдай болмағанда карантиндік изоляторға симптомсыз COVID-19-пен жатқызылған азаматтар (ПТР-тексеру, бұл санаттағылар үшін, сол жатқан стационарларда жүргізіледі);
- COVID-19 болуы мүмкін, ЖРВИ және пневмония белгілері бар, амбулаторлық деңгейдегі пациенттер;
- симптомсыз COVID-19-пен БМСК дәрігер бақылауындағы азаматтар(ПТР-тексеру, бұл санаттағылар үшін, тіркелген орны бойынша емханаларда тағайындалады);
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында:
- ауруханаға жоспарлы түрде жатқызылған пациенттер, оның ішінде 37 апта мерзімінде босандыруға рұқсат берілген жүкті әйелдер (ПТР-тексеру тіркелген орны бойынша емханаларда тағайындалады);
- ауруханаға шұғыл түрде жатқызылған пациенттер, оның ішінде жүкті әйелдер мен бала босанған аналар (ПТР-тексеру стационарда жүргізіледі);
- гемодиализде жатқан пациенттер (ПТР-тексеру тіркелген орны бойынша емханаларда тағайындалады);
- жаңа туылған нәрестелер, клиникалық хаттамаға сәйкес (ПТР-тексеру стационарда жүргізіледі).
Зерттеу жұмыстарын ұйымдастырумен және басқа да қосалқы мәселелермен аймақтық денсаулық сақтау басқармалары айналысады.
«Қазіргі уақытта бірқатар аймақтардағы медицина ұйымдарының инфрақұрылымдары қалыптасқан жүктемелерді көтере алмауда. Осыған байланысты тест тапсырғысы келетіндердің кезегі байқалады. Бұл да тест нәтижесінің жылдам ұсынылуына әсер етеді. Қор тарапынан біз медициналық ұйымдардың қызмет ақысын уақытылы төлеу жөніндегі міндеттемелерімізді орындауға дайынбыз», – деді Марат Шоранов.