Министр БАҚ өкілдерінің дара қасиетін атады
Kyzylorda-news.kz. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін кәсіби мерекесімен құттықтаған ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева журналистер бойындағы екінің біріне бұйыра бермейтін дара қасиетті атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Кез келген қоғамның дамуы, мемлекеттің өсіп-өркендеуі сол қоғамның ішкі тұрақтылығына, береке-бірлігіне, ұлттық құндылықтарының сақталуына, мемлекеттік мықты идеологиясына байланысты.
«Ал мұны қалыптастыратын, ең бірінші, ғалымдар мен зиялылар, ақын-жазушылар мен журналистер», – деп атап өтті министр өз сөзінде.
Сондай-ақ, ол БАҚ өкілдерін қоғам жанашырына теңеген.
Өйткені, қоғам тіршілігіндегі қылт еткен қиындыққа бірінші болып үн қатып, тығырықтан шығар жол іздейтін де журналистер қауымы, дейді ол.
«Журналистика – шығармашылық өрісті ғана емес, кәсіби өршілдік пен аса терең мәдениеттілікті, жан-жақты білім мен ішкі тәрбиені қатар талап ететін кірпияз мамандық. Өйткені, ғұлама ғалыммен де, біртуар дарынмен де, қарапайым қауыммен де тең сөйлесіп, тамырын табу – екінің біріне бұйыра бермейтін дара қасиет. Асқақ абырой», – деді Балаева.
Министр мұндай қасиет пен абыройды отандық журналистиканы бүгінгідей тамаша биікке көтерген майталман аға буыннан бастап осы күні ақпарат ағынымен алысқан әрбір тілшінің бойынан көретінін айтты.