Илья Ильин ауруханаға түсіп қалды
Kyzylorda-news.kz. Әлемнің төрт дүркін чемпионы, қызылордалық ауыр атлет Илья Ильин ауруханаға түсіп қалды.
Бұл туралы ол өзінің Instagram парақшасында жариялады. Спортшы әлеуметтік желі арқылы дәрігерлерге арнап видеоүндеу жолдады.
«Мен бұл видеоны жүктегім келмеді, бірақ қазіргі қал жағдайымды жазғаным дұрыс деп шештім. Қазір бәрі ойдағыдай. Видеода бәрін қысқаша айттым. Дәрігерлерімізге көп рақмет! Қазір сіздер үшін өте қиын кезең екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Сіздерге бүкіл Қазақстан халқы үмітпен қарап отыр» деп жазады Илья Ильин.
Өзінің айтуынша, ауыр атлет алты күннен бері ауруханада жатыр. Ол коронавирус жұқтырмаған, күйзеліске байланысты аллергиялық реакция болған. Қызылордалық дәрігерлер әрең дегенде есін жиғызған. Қазір ол екінші күн қатарынан жаттығу жасап, ауруды жеңуге бар күшін салып жатыр.
«Достар, өзіңізге және жақындарыңызға қамқор болыңыз» деген спортшы өзінің жатқан палатасы мен қалай жаттығу жасап жүргенін көрсетеді.