Сырдарияда аудандық штаб мәжілісі өтті
Kyzylorda-news.kz. Бүгін Сырдария ауданының әкімі Руслан Рүстемовтің төрағалығымен коронавирустық инфекцияның алдын алуға байланысты аудандық штаб мәжілісі өтті.
Мәжілісте сала мамандары қауіпті індетке байланысты аудандағы жағдайды баяндады.
Аудан бойынша жұқпалы індет жұқтырғандар саны азаймай отыр. Атап айтқанда, бүгінгі таңда инфекция жұқтырған 110 жағдай тіркеліп отыр. Науқастарды емдеу үшін қажетті шаралар жасалуда. Аудандық ауруханада науқастардың ем-домына қажетті дәрі-дәрмек жеткілікті. Осы ретте аудан тұрғындары сақтық шараларына аса мән беруі қажет. Той-томалақ, отбасылық шараларға шектеу қоя тұрып, әркім жақынына жанашырлық танытуы тиіс.
Аудандық штаб қазіргі ахуалға байланысты тұрақты бақылау жүргізіп отыр. Ауданда дәрі-дәрмек жетіспеушілігін болдырмау мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Қауіпті аймақтарға да дизенфекциялық шаралар жасалуда. Аудан әкімі жұқпалы індетпен күресте аудандағы сала жетекшілеріне тиісті тапсырмалар берді.
Қалыптасқан жағдайда республика жұртшылығы ауызбіршілік танытып, кеселмен күреске жұмылуда. Бұл тәжірибе облыс көлемінде де жүзеге асып, еріктілер ақ халатты абзал жандарға өз көмегін көрсетуде. Осы орайда аудан жұртшылығы да, әсіресе аудан жастары ерікті ретінде қиындықты бірге еңсеруге атсалысуда.
Сонымен қатар бүгін облыстық мәслихат депутаты, сырдариялық кәсіпкер Расул Есенов өз қаражаты есебінен еріктілердің оттегілік балондарын толтыруға 1 млн теңге қаржы аударып, көмек көрсетті.
Аудан басшысы сырдариялықтарды осындай игі іске жұмылуға шақырды.