Қазақстанда оқушылар бірінші тоқсанды қашықтан оқитын болды
Kyzylorda-news.kz. Қазақстанда оқушылар 1 қыркүйектен бастап бірінші тоқсанды қашықтан оқитын болды, деп хабарлайды "Хабар 24"
Үкімет отырысында сөз сөйлеген білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов басты басымдық балалар мен мұғалімдердің өмірі мен денсаулығы екенін жеткізді.
«Осыған қарай мынадай шешімдерді ұсынамын: біріншіден, шалғайда орналасқан шағын жинақты мектептерді қоспағанда 1 қыркүйектен бастап еліміздің барлық мектебіндегі 1-11 сынып оқушылары үшін оқу жылының алғашқы тоқсанын қашықтан оқыту форматында өткізу», - деді ол.
Өз кезегінде Үкімет басшысы Асқар Мамин Денсаулық сақтау мен Білім және ғылым, Цифрландыру министрліктері бойынша 1 қыркүйектен бастап орта мектептерде бірінші тоқсанды қашықтан оқыту форматында өткізуге дайын болуын қамтамасыз етуді тапсырды.
«Қажет болған жағдайда бастауыш сынып оқушылары ата-аналарының жазбаша өтініштері бойынша санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, кезекші сыныптардың қызметін қамтамасыз етуді тапсырамын», - деді ол.