Қызылордада заңсыз дәрі сатудың 23 дерегі анықталды
Kyzylorda-news.kz. Өңірде дәрілік заттардың сатылуына мониторинг жүргізу барысында заңсыз дәрі-дәрімек сатудың 23 дерегі анықталып, сотқа дейінгі тергеу басталды. Оның ішінде, 11-і заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып, дәрілік заттарды жоғары бағада сатқан.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Облыстық полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс -қимыл басқармасының бастығы Ерболат Төреахметов мәлімдеді.
«Аймақта «Дексаметазон» дәрілік препаратының (инъекцияға арналған ерітінді) бір ампуласы 1500 теңгеден сатылған. Қазіргі таңда аталған дәрі-дәрмектің тегін берілуге жататына немесе нақты сатылу бағасы туралы эксперттердің қатысуымен тексеру жүргізілуде»,-деді Тергеу басқармасының басшысы Ардақ Биғалиев.
Мұнан өзге, облыс дәріханаларының бірінде Қазақстан Республикасында тіркелмеген дәрінің сату фактісі анықталды.
«Осельтамивир-Акрихин» дәрісі вирусқа қарсы препарат болып саналады. Департамент қызметкерлері жасырын сатып алушы ретінде дәріханаға барып, тексеру жұмыстарын жүргізді. Тексеру барысында сатып алынған дәрінің бір қорабы 8 521 теңгеден , жалпы сомасы 25563 теңгені құрады. Аталған факт тіркеу кітабына тіркеліп, жинақталған материал облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жіберілді,-деп түйіндеді Ардақ Мұхамбетұлы.