Дәрігердің тағайындауынсыз дәрілік заттарды қабылдамаңыз

«Жүргізілген мониторинг нәтижесінде дәріханалардың көпшілігінде дәрілік препараттардың жеткілікті мөлшері бар екені, кейбір ұсақ дәріханалық ұйымдарда кейбір антибиотиктер, ыстықты түсіретін және вирусқа қарсы дәрілік заттар жоқ екені анықталды. Қазіргі таңда жоқ дәрілік заттарға дистрибьюторлық қоймалардан алуға тапсырыстар жолданған.
Сондай-ақ, Қызылорда қаласының дәріханаларында шекті бөлшек сауда бағаларын арттыру фактілері анықталған жоқ. Дәрілік заттардың шекті бағалары жылына екі рет 10 шілдеге дейін және 10 қаңтарға дейін бекітіледі. Шекті баға - бұл қандай да бір дәрілік затты жоғары сатуға болмайтын баға. Яғни, қандай да бір дәрілік заттардың бағасына жарты жыл ішінде теңге бағамы да, сату маусымдылығы да әсер етпейді. Дәрілік заттардың шекті бағасын DariKZ мобильді қосымшасынан білуге болады»,-деді департамент басшысы.
Сұраныстың күрт артуы наурыз-сәуір айларында халықтың жеке қорғаныш құралдарын жаппай сатып алуы сынды жасанды жетіспеушіліктің туындауына әкелуі ықтимал. Мысалға, бір дәріханадан бір мезетте бұрын бір айлық қор болып есептелетін 2000 конвалюта Аспирин дәрілік затын сатып алу фактісі орын алған. Осы орайда, Департамент өздігінен емделумен айналыспауға, дәрігердің тағайындауынсыз дәрілік заттарды қабылдамауға шақырады. Антибиотиктерді тиімсіз пайдалану аурудың асқыну қаупі мен жанама әсерлеріне әкеп соғуы мүмкін.