Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Қазалы ауданында жұмыс сапарымен болды
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов Қазалы ауданына жұмыс сапарымен келіп, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады.
Облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жахановтың ауданда аялдаған алғашқы нысаны Қазалы теміржол ауруханасы болды. Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев Қазалы теміржол ауруханасы жанындағы бұрынғы аудандық перзентхана ғимараты індетке шалдыққан тұрғындар саны көбейген жағдайда қосымша 100 орындық провизорлық стационар етіп ашуға болатынын жеткізді.
Теміржол ауруханасында Бақыт Дүйсенұлы дәрігерлерге індетпен күресті күшейту қажеттігін, дәрілік заттар жетіспеушілігін болдырмау, емделушілердің дұрыс тамақтануы сынды қажетті жағдайлардың жасалуы керек екендігін айтып өтті.
Дәл осындай провизорлық стационарды Қазалы аграрлы-техникалық колледіжінің жанынан да ашуға болады. Облыс әкімінің орынбасары ауданға сапары барысында бұл ғимаратқа да ат басын бұрып, қазіргі жай-күйімен танысты. Мұнда колледж директоры Темірбек Исмайлов 35 орындық жатақханада барлық санитарлық талаптар сақталып, науқастар үшін қажетті жағдайлар жасалатынын жеткізді.
Мұнан соң облыс әкімінің орынбасары Қазалы қаласындағы «Қазалы ояз бағы» шаруа қожалығының «Аквакультура жағдайында бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіру» жобасымен танысты. Шаруашылық өкілі Болатбек Бақбергеновтың айтуы бойынша алдағы уақытта аумағы 70 гектар болатын тоғанға бекіре тұқымдас балықтардың шабағы жіберілетін болады. Қазіргі таңда тоғанда 500-ге жуық қаз өсірілуде.
Бақыт Дүйсенұлы ауданға сапар барысында Әйтеке би кентіндегі «NNur–Med.Kz� медициналық орталығындағы дәріханада болып, дәрі-дәрмек қорының жасақталуын сұрады. Дәріханадағы фармацевт мамандар қазіргі таңдағы сұранысқа ие дәрі-дәрмектер мен антибиотиктер қолжетімді бағада сатылып жатқандығын жеткізді. Сондай-ақ, кейбір дәрі түрлеріне тапсырыс беріліп, жақын күндері жеткізілетінін айтты.