Қазалылық еріктілер 8 оттегі концентраторын сатып алды
Kyzylorda-news.kz. Аудандық «Жанқожа батыр» атындағы орталық мешіттің бас имамы Берік қажы Сүлейменов Қазалы ауданаралық ауруханасына 2 оттегі концентраторын табыстады. Бұл қуанышты жаңалықты өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.
Берік Мәдиұлының айтуынша, 8 тыныс алу аппаратын сатып алу үшін ауданның тұрғындары біркісідей атсалысқан.
«Берекелі іске ұйытқы болған инстаграмдағы @kazaly_365 парақшасы екенін айта кеткен орынды.Ауданымыздың тұрғындары мен сыртта жүрген жерлестерімізден жиналған қаражатқа Түркиядан 2, Қытайдын 6 оттегі аппараты сатып алынды. Түркиядан алған аппараттарымыз келді. Ал,Қытайдан алған аппараттар 4-5 күндікте келеді. Бұдан бөлек, бір қарындасымыз 500 медициналық маска, бір азамат 50 арнайы кастюм берді. Бұларды да аудандағы медициналық мекемелерге таратамыз», – деді Берік қажы Сүлейменов.
Сондай-ақ, бұл күні Қазалы теміржол ауруханасына 150 дана медициналық маска мен 15 қорғаныш кастюмдері табысталды.
Қазіргідей эпидимеологиялық ахуал күрделі кезеңде біз бір-бірімізге қолдау көрсетуіміз қажет. Қиындықты тек қана ұйымшылдықтың, ауызбіршіліктің арқасында, жақыныңына жанашырлық танытып қана жеңеміз.
Қазалы ауданының әкімдігі «Жанқожа батыр» атындағы орталық мешіттің бас имамы Берік қажы Сүлейменов бастаған жанашыр азаматтарға, еріктілерге, барша аудан тұрғындарына алғыс айтты.