Қызылордадағы ірі сауда орталықтарына әлеуметтік сөрелер орналастырылған
Kyzylorda-news.kz. Қаладағы азық-түлік бағаларын тұрақтандыру бағытында күнделікті тиісті шаралар қабылданып, баға бойынша мониторинг үздіксіз жүргізілуде.
Бүгінде қала аумағында халыққа арзандатылған бағада азық-түлік өнімдерін ұсынатын 30 әлеуметтік дүкендері мен 300-ден аса тауар түрінің бағасын көпке қолжетімді ететін «Әлеуметтік маркет» жұмыс істеуде. Сонымен бірге тұрғындарды нарық бағасынан 10-15 пайызға төмендетілген өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында ірі сауда орындарында әлеуметтік сөрелер орналастырылған.
Нанның бағасы да тұрақты. Өңірлік тұрақтандыру қорынан алынған ұн наубайханаларға төмен бағада беріліп, бүгінгі таңға бөлке нанның орташа бағасы 62,5 теңгені құрап отыр. Ал әлеуметтік дүкендерде 55 теңгеден сатылуда.
21 шілдедегі ақпаратқа сай тұрақтандыру қорында 3050,0 тонна өнім бар. Оның ішінде қант – 175,5 тонна, 1 сортты ұн – 2023,75 тонна, рожки –145,9 тонна, сұйық май – 127,8 тонна, қырыққабат – 0,01 тонна, күріш – 426,8 тонна, тұз – 17,0 тонна, қарақұмық –9,1 тонна, жұмыртқа – 1501439 мың дана,сиыр еті – 33,8 тонна, құс еті – 46,7 тонна, сүт – 38,5 тонна, картоп – 5,5 тонна.
Ет өнімдерін тұрақтандыру мақсатында «Б.Рсалиев» шаруа қожалығы қаланың 6 аумағында орналасқан жеке сауда орындарында сиыр етін 1600 теңгеден сатуда. Ал базарларда ірі қара еті 1800 теңгеден босатылады.
Алдағы уақытта шаруашылық ет сату орындарын көбейтуді жоспарлап отыр. Қызылорда қаласында жалпы қоғамдық-саяси ахуал тұрақты деңгейде және күнделікті бақылауда болады.