Премьер-Министрдің орынбасары дәріханалардағы дәрі қорын бақылады
Kyzylorda-news.kz. Сыр өңіріндегі жұмыс сапары аясында вице-премьер аймақтағы дәріханалардың дәрі қорына қатысты қабылданған шаралармен танысып, дәріханалар желісінің жұмыс жасау барысын бақылады.
Бүгінгі күні Қызылорда облысы бойынша 328 дәріхана, дәріхана пункттері фармацевтикалық қызметпен айналысады, оның 178-і Қызылорда қаласында орналасқан. Індеттің таралмауына қажетті дәрі-дәрмектердің уақытылы жетуі және бағасының негізсіз көтерілмеуін арнайы мониторингтік топ бақылауда ұстайды. Бүгінгі күнге дейін мониторингтік топ қаладағы 9 емхана мен СҚ-Фармация ЖШС дәрілік қоймасына, 86 дәріханаға мониторинг жүргізді. Соның нәтижесінде аймақта дәріханалардағы ұзын-сонар кезек азайды. Вирусқа қарсы ыстықты түсіретін, қызуды басатын қажетті дәрі-дәрімектің қоры күн сайын жаңартылып отыр. Дәріхана желілері күнделікті дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға тапсырыс беріп, сұранысқа сәйкес қажеттіліктерді қамтамасыз етуде. Бүгінгі күні вирусқа қарсы ыстықты түсіретін, микробты түсіретін дәрілік заттар қоры 354 262 дананы құрайды.
Дәріханада халық тарапынан үнемі сұраныстағы Эуффелин», «С» витамині, «Сумамед», «Ципролет», «В» витаминдер кешені «Милгамма», «Ремаберин», «Полиоксидоний», «Офло», т.б. дәрілік заттары келіп түседі.
Қазіргі таңда «Зерде» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Қызылорда қаласында 3 дәріханасы бар. Бұған дейін қалада «Зерде» ЖШС-нің бір ғана дәріханасы халыққа қызмет көрсетіп келсе, енді олардың қатары маусым айында 2 дәріханамен толықты. Бұл соңғы кезде қалыптасқан дәрілік тапшылықты жоюға, дәріханаларда қалыптасқан кезекті болдырмауға жол ашты.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес дәріханаларға қажетті қорды қалыптастыру үшін бүгінгі күні дистрибюторлармен өзара келісім жолға қойылды. Облыс аумағындағы ірі және кіші дәріханалар желісіне қажеттіліктеріне қарай дәрілік препараттар ұдайы жеткізілуде.
Вице-Премьер Ералы Тоғжанов облыстағы дәрілік заттардың жеткілікті болуын қамтамасыз етуді және халық сұранысындағы дәрілердің ұдайы жетуін назарға алуды жеткізді.