Коронавирусты қайта жұқтырып жатыр: ДДҰ түсініктеме берді
Kyzylorda-news.kz. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавируспен ауырып шыққан адамдар вирусты қайта жұқтыруы мүмкін екенін жоққа шығармады. Бірақ, ДДҰ-ның ресми өкілі Маргарет Харристің айтуынша, қазіргі таңда инфекцияны қайта жұқтыру деректері бірлі-жарым ғана, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
«Коронавирусқа тапсырған тест алғашында теріс, кейін оң нәтиже көрсетті деген хабарламалар арасында болып тұратын. Бүгінге дейін адамдар вирусты шынымен қайта жұқтырды ма, жоқ әлде бұл тестілеумен байланысты проблема ма, ол жағы түсініксіз еді. Бірақ, мұндай жағдайлар өте аз кездескенін атап өткен жөн. Және бұл 23 миллионның арасынан біреу ғана. Осыған ұқсас жағдайлар қайталануы мүмкін, бірақ олар тұрақты түрде болмайды», – деді Харрис Гонконгтегі қайта жұқтыру оқиғасына түсініктеме беріп.
Айтуынша, бұл жағдай иммунитеттің қалай қалыптасып, қанша уақытқа созылатынын және оған вакцина қалай әсер ететінін түсіну үшін өте маңызды.ДДҰ COVID-19-ға қарсы вакциналар иммунитетті күшейтеді деген үмітте.
Вирус екінші рет жұғып жатыр
Әлем елдерінде коронавирусты қайта жұқтыру деректері тіркелуде.
24 тамызда Гонконгте 33 жастағы ер адамның індетке екінші рет шалдыққаны хабарланды. IT маманы коронавирустан сәуір айында емделіп шыққан. Алайда тамыздың басында оның коронавирусқа тапсырған тесті тағы оң нәтиже көрсетті. Ол жуырда Испаниядан оралған.
Сондай-ақ, бүгін, 25 тамызда Тува басшысы Шолбан Кара-оол вирусты қайта жұқтырғанын мәлімдеді. Оны тексерілу үшін Мәскеуге жіберген.
Белгия мен Нидерландыда да осындай екі жағдай анықталып отыр.