Жылу беру маусымына дайындық жөніндегі облыстық штаб отырысы өтті
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен жылу беру маусымына дайындық жөніндегі облыстық штаб отырысы өтті.
Кеңейтілген жиында аймақ басшысы бірқатар сала басшыларының баяндамаларын тыңдап, жылыту маусымы кезінде қолға алынған жұмыстардың барысын саралады.
Облыс әкіміне алдымен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Нұрмағанбетов атқарылған жұмыстарды тізбелеп, қазіргі ахуал барысын баяндады.
Бүгінгі күні өңірде жылу беру жұмыстары 85 пайызға аяқталған. 2020 жылға ағымдағы және күрделі жөндеуге, «Нұрлы жер» бағдарламасы және «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында 4 млрд.теңге қаржы қаралған. Нәтижесінде жылу қазандықтарына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ұзындығы 15 шақырым болатын магистралды және квартал ішілік жылу желілері қайта жаңғыртылуда. Бұл жұмыстардың нәтижесі өңірдегі жалпы жылу желілерінің тозу пайызын 42 пайыздан 39 пайызға дейін төмендетеді.
Облыс әкімі қала, аудан ішіндегі жылыту жағдайларын бағамдай келе, бірқатар мәселелерге уақытылы мән беріп, жұмысты тез арада реттеуді тапсырды.
«Қызылорда қаласындағы, Белкөл кентінде жылу құбырларын күрделі жөндеу жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілмей отыр. Барлық жүзеге асып жатқан жобалар 1 қазанға дейін аяқталуы қажет. Жөндеу жұмыстарының барысына арнайы кесте әзірлеп, орындалуы туралы әр аптаның дүйсенбісінде маған баяндауларыңыз тиіс»,-деді облыс әкімі сала басшыларына.
Жиында Гүлшара Әбдіқалықова аудандарға газ тарату мәселесін алға қойып, әлеуметтік нысандарға жылу беру жұмысын уақытылы іске асыруды тапсырды. Атап айтқанда, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының директоры Талғат Қызылбаевқа Қармақшы, Жалағаш Сырдария аудандары орталығына газ тарату стансаларын пайдалануға қажетті қаржы шешілгендіктен, аудан халқына уақытылы газ беруді міндеттеді.
«Облыстағы жылу беру нысандарының басым бөлігі әлеуметтік салаға тиесілі. Денсаулық сақтау мекемелерінде, әсіресе, Қазалы аудандық Туберкулезге қарсы диспансері және Сырдария аудандық ауруханасының күрделі жөндеу жұмыстары бүгінде толық аяқталмаған. Жылу беру маусымына аз ғана уақыт қалса да, денсаулық сақтау саласының әзірлігіне күмәнім бар. Сондықтан, аудан әкімдігімен бірлесе отырып, аурухананың жылу жүйесінің қалыпты жұмыс жасауына жағдай жасаңыздар»,-деді облыс әкімі.
Отырыста облыс әкімі көпқабатты тұрғын үйлерге жылу беру мәселесін қарап, модернизациядан өткен үйлердің жұмыстарына қатысты қала әкіміне бірқатар тапсырма берді. Сондай-ақ, отын қоймаларына керекті отын көлемін қамтамасыз етуде әлі де жұмысты жандандыру қажет деді. Көмір қоймаларында тапшылық туындамасы үшін бағаның негізсіз өспеуіне жол бермеу қажеттігін мән беріп, кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердауси Қожабергеновке нақты тапсырма жүктеді.
«Алдыңғы жылдары көмір тапшылығы мен бағаның күрт өсуіне байланысты тұрғындар тарапынан дүрбелең туғанын білесіздер. Сондықтан бағаның өсуін, екі ортадағы делдалдықты болдырмау мақсатында, көмір өндіруші мекемелермен тікелей келісім-шартқа отыру үшін кәсіпкерлермен жұмыстарды үйлестіріңіз»,-деді өңір басшысы.
Жиын соңында облыс әкімі жоспарда айқындалған, межеде міндеттелген жұмыстарды тарқата келе, қала, аудан әкімдіктері, сала басшылары, коммуналдық қызметтің жетекшілеріне 1 қазанға дейін әлеуметтік нысандар бойынша қажетті отын қорын жасақтауды 100 пайызға, тұрғындарды 70 пайыз қамтамасыз етуді, коммуналдық төлемдерді жинақтауды басты назарға қойды. Сондай-ақ, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысына мекемелер арасындағы берешек қарыздарды болдырмау шараларын қабылдауды қатаң тапсырды. Ал, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұрғали Қордабайға электр энергиясы тарифінің өсуіне байланысты бюджеттік мекемелердің шығындарын қайта қарауды міндеттеді. Сондай-ақ, білім, мәдениет саласындағы нысандарға жылу беру жұмыстарын өз мерзімінде аяқтауды жауапты басқармаларға жүктеді.
Мұнан бөлек, облыс әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аймақтық даму бөлімінің инспекторлары 1 қазанға дейін қаладағы және аудандардағы нысандарды аралап, мониторинг жүргізуі қажеттігін атап өтіп, жұмыстың орындалуын бақылауды облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменовке тапсырды.
Отырысты қорытындылаған облыс әкімі жылу беру маусымын ешқандай кедергісіз өткізуіміз қажет деді.