Мемлекеттік кірістер комитеті салық рақымшылығын пайдаланып қалуға шақырды
Kyzylorda-news.kz. Мемлекеттік кірістер комитеті қазақстандықтарды 2020 жылдың аяғына дейін созылатын салық рақымшылығын пайдалануға шақырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Мемлекеттік кірістер комитеті өндірістік емес төлемдерді әкімшілендіру басқармасының басшысы Олжас Отар бұл акция аясында қарыздың негізгі бөлігін төлеген жеке тұлғалар өсімпұлдан босатылатынын хабаралды.
«2019 жылы бір миллион төрт жүз мыңнан астам салық төлеушінің 61%-і өзінің негізгі салығын төлеп, өсімпұлдан құтылды. Қалған 39%-і қалып қойды. Бүгінгі күні 1,2 миллион адамның 13 миллиард теңге берешегі бар. Егер осы сома төленген жағдайда 4,3 миллиард теңге өсімпұл кешіріледі», – деп түсіндірді Олжас Отар.
Айтуынша, қазірдің өзінде 56 мың жеке тұлға салық рақымшылығын пайдаланып, 807 миллион теңге негізгі берешекті өтеген. Сол арқылы 110 миллион теңге өсімпұл кешірілді.
Қазақстандықтар бұл мүмкіндікті 2020 жылдың 31 жетоқсанына дейін пайдалана алады.
Салық рақымшылығын пайдалану үшін мемлекеттік органға барудың қажеті жоқ. Оны банк қосымшалары арқылы төлеуге болады. Өсімпұл үш жұмыс күні ішінде шегеріледі.
Салық бойынша қарыздың бар-жоғын мемлекеттік кірістер комитетінің сайты арқылы немес E-Salyq мобильді қосымшасы арқылы тексеруге болады.
«Салық рақымшылығы бұдан кейін қашан берілетіні белгісіз, мүмкіндік бар кезде өсімпұлды кешірткен жөн», – деді Отар.
Айтуынша, берешегі бар 1,2 миллион адамның 70%-і көлік салығын төлемеген. Комитет өкілдері көлік кімнің атына тіркелсе, соның мүлкі болып саналатынын айтып өтті. Көлік сенімхат, келісімшарт арқылы сатылған болса, уәкілетті органға барып, көлікті есептен шығару керек.
Сонымен қатар көліктің басқа адамның басқаруына берілегенін дәлелдейтін құжат болса, E-Salyq мобильді қосымшасы арқылы да есептен шығаруға мүмкіндік бар.
E-Salyq мобильді қосымшасын Play Market немесе App Store-дан жүктеуге болады.
Айта кетейік, қазақстандықтар жер және мүлік салығын 2020 жылдың 1 қазанына дейін төлеуі тиіс.
Сонымен қатар қазақстандықтар қате есептелген салықтар, меншігінде жоқ жылжымалы немесе жылжымайтын мүлік бойынша салық міндеттемелерін «Салық әмияны» қызметінің «Салық салу объектілері» бөлімінде түзете алады.