АСТАНАЛЫҚТАР ЭЛЕКТРОНДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ПАСПОРТЫН ИЕЛЕНЕДІ
Астана әкімдігінде денсаулық сақтауды цифрландыру бойынша баспасөз жиыны өтті. Цифрландырудың түпкі мақсаттарының бірі – денсаулық сақтау ақпараттық жүйелерінің интеграциясы, медициналық жүйелердің бір-бірімен және сыртқы жүйемен әрекеттесуі және әрбір азамат үшін электрондық денсаулық сақтау паспортының құрылуы. Еліміздің бас қаласының тұрғындары 2019 жылдан бастап электрондық денсаулық сақтау паспортын иеленетін болады, деп хабарлайды BNews.kz Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
"Алдағы жылдан бастап науқас өзімен бірге денсаулық картасын тасып жүрмейтін болады. Науқас адам ауруханаға немесе емханаға қаралатын болса ол сол күнге дейін қандай сырқатқа шалдыққаны, диагнозы, анализдері және қандай ем-дом алғаны туралы бар ақпарат электрондық паспорт арқылы дәрігердің қолында болады. Сіздің туғаннан бастап дәрігерге әр қаралғаныңыз электрондық паспортқа жазылып тұрады" - деді ұйымдастырушылар.
Пациентте өзіне тиесілі логин, пароль арқылы электрондық денсаулық сақтау паспортына кіріп сырқаты туралы бар ақпаратты біле алатын болады. 2018 жылдан бастап ҚР аумағында электрондық денсаулық паспортын кезең-кезеңмен енгізу жоспарланған. Болашақта мұндай жүйе еліміз бойынша толықтай қолданысқа енеді.
"Пайдаланушылардың электрондық денсаулық паспортындағы дербес деректеріне қолжетімділік электрондық үкіметтің сайтында пациенттің жеке кабинеті арқылы ұйымдастырылады. Медициналық ақпараттың орталық хабары рөлінде енгізілген электрондық денсаулық сақтау паспорты пациенттер мен медициналық қызметшілерді заманауи және сенімді ақпаратпен қамтитын болады. Портал қазіргі күні өзін толық түрде ақтап отыр. Портал арқылы тіркелген пациент толық түрде тегін ем алуда", - дейді Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының Астана қалалық филиалының медициналық ақпаратты өндеу секторының меңгерушісі Шауза Сатыбалдина.