ӘМСҚ дәрігерлерге 73,7 млрд теңгеден астам үстемақы төледі
Kyzylorda-news.kz. Қазақстанда коронавирус пандемиясы басталғалы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры медицина қызметкерлерінің жалақысына үстемақы төлеу мақсатында 73 миллиардтан астам теңге бөлді. Тек тамыз айында ғана коронавирус инфекциясымен және пневмониямен күреске тартылған 66 мыңнан астам медицина қызметкері жалақыға үстемақы алады.
«Қор эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлері мен мамандарға үстемақы төлеуді жалғастыруда. Наурыз-тамыз айларында 73,7 млрд теңге көлемінде қосымша қаржы төленді», - деді ӘМСҚ Басқарма төрағасы Болат Төкежанов.
Ол ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа бұйрығына сәйкес медицина қызметкерлерінің тізімі кеңейгенін еске салды. Оған мобильді бригадалардағы дәрігерлер мен медбикелер, МСАК жанындағы жедел жәрдем қызметкерлері, сондай-ақ әскери-медициналық (медициналық), орталық атқарушы органдардың сот-медициналық бөлімшелерінің және өзге де орталық мемлекеттік органдар мен ведомстволардың, ҚР ПІБ Медициналық орталығына қарасты ұйымдардың қызметкерлері кірді.
«Тамыз айының қорытындысы бойынша Қор COVID-19, вирустық пневмониямен күреске тартылған 66 мың медицина қызметкеріне 17 млрд теңгеге жуық үстемақы төлейді», - деп хабарлады ӘМСҚ басшысы.