Гүлшара Әбдіқалықова: Қазіргі уақытта шағын және орта бизнеске қолдау көрсету тиімді
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықова облыс орталығында жүзеге асырылып жатқан “Түрлі өнімдерді консервілеу өнеркәсібі” жобасы туралы әлеуметтік желіде ойымен бөлісті.
Қымбатты жерлестер!
Биылғы пандемия кезі бәріміз үшін де сынау кезеңі болғаны рас. Өңірімізде, елімізде ғана емес, әлемде экономика дағдарысқа ұшырады. Осы кезеңде жұмысты дұрыс үйлестіре білмесек, одан шыққан уақытта тіпті дағдарып қалуымыз әбден мүмкін.
Сондықтан, дәл қазіргі уақытта зардапқа ұшыраған шағын және орта бизнеске қолдау көрсету тиімді болмақ.
Қауіпті індет кезеңінде облыс халқын дәрі-дәрмектен бөлек, бірінші кезекте азық-түлік өнімдерімен, тағаммен қамтамасыз етудің маңызы зор екені басымыздан өтті.
Осы мақсатта бүгінгі күні облыс орталығында “Түрлі өнімдерді консервілеу өнеркәсібі” жобасы жүзеге асуда. Бұқтырылған қой, сиыр және жылқы еттері, сондай-ақ, күріш, қарақұмық, арпа ботқалары консервіленіп, дайын өнімдер күйінде шығарылуда. Бұл жоба бойынша алдағы уақытта алма повидлосы мен өрік қайнатпалары әзірленбек. Осы өнеркәсіптің пандемия кезінде бос тұрып қалған мейрамхана базасында жасалып отырғанын айта кету керек.
Өзім дайын өнім консервілерінің дәмін татып көрдім, ұнады. Кейде жұмыста жүріп, тамақ пісіруге уақыттары бола бермейтін адамдар үшін өте қолайлы. Бағасы да халыққа қолжетімді болмақ. Осы бағыттағы шағын және орта бизнесті дамыту жұмыстарын қолдау жалғаса береді.
“Бірлігі мықты елдің берекесі де мол”, – дейді дана халқымыз.
Бірлікте еңбек етейік, ісіміздің нәтижесін бірге көрейік!