Қызылордада 19 мыңнан астам бала мектепке барып оқиды
Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда облысында ІІ оқу тоқсаны басталды.
Республикалық бас санитарлық дәрігердің 2020 жылғы 2 қараша №62 қаулысына сәйкес бала саны 300-ден аспайтын мектептерде дәстүрлі түрде оқу процесі жүргізіледі. Қызылорда облысында мұндай мектептердің саны 121-ді құрап отыр. Яғни, 19 мыңнан аса бала барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, мектептерде оқиды.
Ата-аналардың өтініші негізінде 1-5 сынып оқушылары үшін 2733 кезекші топ ашылып, 39483 оқушы дәстүрлі форматта білім алады.
Ал, 6-11 сыныптың оқушылары үшін ІІ оқу тоқсаны қашықтан оқыту форматында жалғасады. Оқушылар «Білім ленд» оқу платформасы арқылы ұстаздармен кері байланысады.
Қашықтан оқитын оқушылар үшін электронды техникалар толық алынды. Үкімет резерві қорынан бөлінген қаржыға 22800 электронды құрылғылар жеткізілді. Құрылғысы жоқ 39 мың балаға бірінші кезекте компьютерлер таратылды.