НАЗАРБАЕВ МОСКВА ТҮБІНДЕ ҰШАҚ АПАТЫНА ҰШЫРАҒАНДАРДЫҢ ОТБАСЫНА КӨҢІЛ АЙТТЫ
Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды BNews.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Мәскеу облысында Ан-148 жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан адамдардың қайғылы қазаға ұшырағаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады.
"Қаза болғандардың отбасыларына, туыстары мен жақындарына Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан көңіл айтамын", - делінген жеделхатта.
Еске сала кетейік, "Саратовские авиалинии" әуе компаниясының Ан-148 жолаушылар ұшағы Мәскеу маңына құлаған болатын.
Ан-148 жолаушылар ұшағы "Домодедово" әуежайынан ұшқан соң бірден радар экранынан көрінбей қалған. Алдын ала болжам бойынша, ол Мәскеу маңындағы Раменский ауданына құлады, деп хабарлады ресейлік BBC ақпарат агенттігі.
ТЖМ өкілі ұшақ құлаған болжамды орынға құтқарушылар тобының аттанғанын хабарлады.
Ұшақ бортында 65 жолаушы мен экипаж мүшелері болған.