Қызылордада еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетілді
Kyzylorda-news.kz. Қызылордадағы қазақ күріш институтында қажырлы еңбек етіп, отандық ғылымға қосқан сүбелі үлесі үшін еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетілді.
Бұл жиынға ауылшаруашылығы басқармасының кеңесшісі, Фермерлер одағының облыстық филиал төрағасы Омархан Пашкенов қатысып ауыл шаруашылығы ардагерлер Кеңесі Қоғамдық бірлестігі атынан Серік Кенжебаевқа «Құрметті ардагер» медалін табыстады.
Салтанатты жиында Омархан Пашкенов ауыл шаруашылығы саласында ғылымның орны мен күріш институтының жаңа сорт шығарудағы еңбегін атап өтті.
Келер жылы аталған институт шығарған күріштің жаңа сорттарын көптеген шаруа қожалықтары 100% егуге ынталы болса, жалпы күріш алқаптарының 20 пайызын жергілікті күріш сорттары құрайтыны да жақсы жаңалық.
Осы жиында «Еңбек ардагері» атағына Өмірзақ Аймухамбетов те ие болды. Көптің арасынан топты жарып еңбегі Қазақстан ауылшаруашылығы министрлігімен еленіп жатқаны қуантарлық жайт.
Сондай-ақ Камалдин Шермағамбетов «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» мерекелік медалі мен Қазақстан Ауылшаруашылық министрлігінің «Ауылшаруашылық саласының үздігі» төсбелгісі омырауына тақты.
«Аймағымыздың ауылшаруашылық саласы биылғы жылы 500 мың тонна астық дайындады. Бұл пандемия мен су тапшылығы жағдайында жасалып жатқан жақсы көрсеткіш. Мұны батырлықпен де теңеуге болады», – деді басқарма төрағасы Бахытжан Дүйсембеков.