МӘМС: Қымбат тұратын медициналық қызметтер қолжетімді
Kyzylorda-news.kz. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізумен әрбір сақтандырылушыға қымбат тұратын медициналық қызметтер қолжетімді болды. Атап айтар болсақ, магниттік-резонанстық томографияға түсуге мүмкіндік мол.
Жазғы демалыста 19 жастағы Азамат Дастан үйде жұмыс істеп, арқасын тартып алды, сондықтан оған қазір қозғалу қиын. Учаскелік дәрігер оған МРТ-ға жолдама берді.
«Мен өз емханамның невропатологына бардым. Тексеруден кейін дәрігер маған емдеуді тағайындады, мен оны күндізгі стационарда тегін алдым. Барлық дәрі – дәрмектер де тегін болды. Содан кейін терапевт маған осы клиникада тегін МРТ-ға жолдама берді. Зерттеу нәтижелері жақсы болады деп үміттенемін», – дейді Азамат.
Азамат жоғары медициналық колледждің үшінші курс студенті. Студенттер МӘМС жарналарын мемлекет төлейтін 15 жеңілдік санатының біріне жатады. Сондықтан Азамат жеке клиникада 16 мың теңге тұратын МРТ қымбат тексеруден тегін өтті.
«Қызылорда облысында 400 мыңнан астам тұрғын МӘМС жарналарын мемлекет төлейтін 15 жеңілдік санатындағы азаматтардың қатарына кіреді. Тиісінше, бұл азаматтар және МӘМС жүйесіндегі сақтандырылғандарға медициналық қызметтердің барлық спектрі, соның ішінде қымбат тұратын зертханалық, консультациялық – диагностикалық қызметтер қолжетімді. Ең бастысы – учаскелік дәрігердің дәлелді жолдамасы», – деп атап өтті Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалының бас сарапшысы Айгүл Аханова.
ӘМСҚ филиалының деректері бойынша, жыл басынан бері облыста 107 млн.теңгеге 6 560 МРТ қызметі және 47,5 млн. теңгеге 4 790 компьютерлік томография қызметі қаржыландырылды.