Қызылорда: Жедел жәрдем қызметі оңтайландырылуда
Kyzylorda-news.kz. Облыс халқына халықаралық стандарттарға сайкес дер кезінде сапалы тиімді шұғыл медициналық көмек көрсету және оны дамыту мақсатында Қызылорда облысында жедел жәрдем көмегін жаңартуға арналған пилоттық жоба оң нәтижемен жүзеге асырылды.
Шұғыл медициналық көмек көрсету қызметі бір жерден басқарылатын бірыңғай жүйеге біріктірілгенге дейін қала мен ауылдың халқына медициналық көмек көрсетуде айырмашылық болды.
Жедел жәрдем қызметін орталықтандырудың арқасында қазіргі таңда облыс орталығы мен аудандарда жедел жәрдем қызметі бір деңгейде көрсетіліп отыр. Қызылорда облысының қала, аудандар және алыс елді мекендерінің халқы жедел жәрдем топтарының дәрі-дәрмектермен, медициналық құрал-жабдықтармен бірдей жабдықталуына байланысты бірдей, толық көлемде шұғыл медициналық көмек алуда.
Облыс бойынша жедел жәрдем стансасында 49 жедел жәрдем тобы жұмыс атқарады. Оның 18 дәрігерлік (4 мамандандырылған кардиотобы, 4 педиатриялық топ), 31 фельдшерлік топтар.
Жалпы қызметкерлер саны 923, оның 77 дәрігер, 501 орта буынды мамандар, 345 басқа қызметкерлер.
Стансаның барлық қызметкерлері, оның ішінде аудандық бөлімшелердің қызметкерлері халықаралық стандарттарға сәйкес реанимацияның барлық түрлерін, акушерлік патология, балалардың шұғыл жағдайы бойынша 100% оқытылды.
Қызылорда облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы жедел жәрдем топтарының қан айналым жүйесі аурулары бойынша науқастарға көмек көрсету толық жолға қойылған. Барлық қала және аудандық бөлімдер медициналық құрал-жабдықтармен, оның ішінде дефибриллятор, ара қашықтан түсіретін телеметрия функциялы ЭКГ аппараттарымен қамтамасыз етілді. Жәрдем топтары тромболитикалық препаратпен толық қамтылды.