Қызылордадағы сауда орталықтары мереке күндері жұмыс істейтін болды
Kyzylorda-news.kz. Қызылордадағы сауда орталықтары мен кинотеатрлар жексенбі және мереке күндері де жұмыс істейді, деп хабарлайды «Хабар 24».Облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес кәсіпкерлік нысандардың қызмет көрсету кестесіне өзгеріс енгізілді. Ойын-сауық орталықтары, сауда-саттық желілері, азық-түлік емес және жабық базарларға бұған дейін тұрғындар таңғы 10:00-ден кешкі 22:00-ге дейін бара алатын еді. Енді олардың тұтынушыны қабылдау уақыты 1 сағатқа ұзарды. Бұл өзгерістердің кинотеатрлар мен қоғамдық тамақтану нысандарына да қатысы бар. Аталған нысандардың барлығына жексенбі және мереке күндері сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істеуіне рұқсат берілді.
«Сауда орындарында бір келушіге 4 шаршы метр есебімен болуы керек. Ғимараттың толтырылуы 30%-тен аспау керек және де осы сауда ойын-сауық орталықтарында орналасқан фудкорттар тағамдарды жеткізу қағидаты бойынша жұмыс жасайды. Балалардың ойын алаңдары, аттракциондардың жұмыс жасауына рұқсат жоқ», – облыс бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз-хатшысы Айман Жанахаева.

























