Сыр еліне «Алтын домбыра» жетті
Kyzylorda-news.kz. Бүгін Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен «Алтын домбыраны» табыстау рәсімі болып өтті.
Шараға ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман, әнші, композитор Қазақстанның Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай және т.б. зиялы қауым өкілдері қатысты.
Шарада мәртебелі меймандар «Алтын домбыраны» айтыстың Ақтаңгері, үш мәрте «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязовқа табыстап, Сыр елінің өнері мен мәдениетіне құрмет білдірді. Ал, Мұхтар Ниязов өзіне тән жыр шумағымен «Алтын домбыраны» облыс әкіміне табыстады.
Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова «Алтын домбыраның» Сыр жұрты үшін ерекше мақтаныш екенін айтып, айтыс Ақтаңгері Мұхтар Ниязовқа автокөлік кілтін тарту етті.
Айта кетейік, Сыр жеріне арнайы жеткен «Алтын домбыра» облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Мәдениет және өнер» залына қойылатын болады.