Қызылорда: «Әскери-техникалық мектеп» алғашқы 15 сарбазды қабылдады
Kyzylorda-news.kz. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі «Әскери-техникалық мектебінің» Қызылорда қаласындағы филиалы 2021 жылдың алғашқы 15 курсантын қабылдады.
Жыл басынан бері Қызылорда қаласы әскери-техникалық мектебінің 15 сарбазы санитарлық эпидемиологиялық талаптар мен нормаларды сақтай отырып, өздерінің Отан алдындағы борыштарын өтеуді бастады. Курсанттар алдағы уақытта 1 айдан астам уақыт жоспарға сай тиісті жауынгерлік даярлықтарын шыңдап, қысқа уақыт ішінде әскери тәртіппен танысады. Әскери теориялық жетілдірген білімдерін іс-тәжірибеде қолдануға да уақыттары жетерлік. Тактикалық дайындық пен қаруды қалай қолдану керектігін меңгерген соң, сарбаздар әскери ант қабылдау рәсіміне дейін екі мәрте қарудан оқ атып, тәжірибеден өтеді. Оқу бастағандарына бір апта толмаса да, ынта-жігері жоғары, зерек және әскери тәртіпке бейім көптеген курсанттарды байқауға болады.
«Қызылорда қаласының әскери-техникалық мектебінің 2021 жылғы алғашқы түлегімін. Әрине, 40 күн ішінде әскери өмірдің барлық қыр-сырын білуге, қару-жарақты қалай пайдалану керектігін және әскери тәртіпті үйренуге сенімдімін. Осындай әскери білім беретін мектепте оқығаныма қуаныштымын. Осы жинаған білім мен тәрбиемді ел игілігіне пайдалануға әзірмін. Еліміздің Қарулы Күштеріне қызмет ету әрбір ел азаматының міндеті деп ойлаймын», – деді әскери-техникалық мектебінің түлегі Мұрат Жақсылықов.
Бұл әскери мектепте жас өрендердің әскери өмірдің қыр-сырын меңгеруіне мүмкіндіктер көп. Осы жылдың алғашқы курсанттарын алдағы уақыттарда көптеген қосымша тәжірибелік сабақтар күтіп тұр. Сапалы оқытуды ұйымдастыру үшін әскери – техникалық мектебі барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұндағы сабақ беретін мұғалімдердің білімі мен біліктілігі және курсанттармен жұмыс істеу тәжірибелері де жоғары. Ал, алда жас курсанттарды барлық кезеңдегі түлектермен өтетін «Сыр мергені» атты пневматикалық қарудан ату сайысы күтіп тұр.
«Атқыш» мамандығын меңгеріп шығатын жас өрендеріміз Қарулы Күштерімізге қызмет етуге сақадай сай. Бұл – әскери-техникалық мектепті тәмамдап отырған түлектердің соңы емес. Осы жылдың ақпан айының соңында жаңа толыққандардан Отан алдындағы әскери ант қабылдау рәсімі өтеді. Қызылорда қаласы әскери-техникалық мектебі алдағы уақытта да Отанға адал қызмет ететін мамандарды қабылдайтын болады.